технодағы өзекті беталыстар
«Қараңғылықтың алдында»

Техно-клубтардағы музыка ықпалдар мен стильмен бірге тұрақты өзгеріп отырады. Өткен онжылдық түгел минимал сипатта болды. Ал қазір неміс клубтарының сахнасы классикалық техноға оралып, оны заманауи нақышқа келтіріп өңдейтін өнер адамдарын дәріптеуде.
 
 

«Техно» термині көбінесе электрондық би музыкасының барлық формаларын сипаттау үшін кең мағынада қолданылады. Бұл ұғым тар мағынасында ХХ ғасырдың 80-ші жылдары Детройтта пайда болған, электрондық музыканың басқа бағыттарынан дыбыс қаттылығымен және жылдам, шағын ырғақтарымен ерекшеленетін стильді сипаттайды. 2000 жылдар қарсаңында орнына минималды ағым келгенше техно ұзақ уақыт неміс клуб сахнасының маңызды бөлігі болды – бұрынғы шикі қатты дөрекі әуенді мұқият дыбыс эстетикасы басты.

Соңғы біраз жылдан бері механикалық долы саунд қайтадан өз тыңдарманын таба бастады. Музыканттар концерттер мен жаңа құрылған лейблдармен сол қатты би әуенін қайтадан ұсынуда. Бұл орайда олар классикалық техно қуатын бүгінгі күнгі клуб стиліне көшіруде: ырғақтар баяулап, есесіне өткір механикалық дыбыс алдыңғы қатарға қойылады
Жай ғана сауық кеш емес
Хеннинг Бэр – сондай музыканттардың бірі. 2009 жылы ол досымен бірге Берлинде Grounded Theory деп аталатын бірқатар сауық кештерін ұйымдастырды. Негізгі идея: әдетте  Berghain және Tresor инсайдерлік клубтарында ойнайтын техно-диджейлерді көпшілікке шығару еді. Олар алғашқы кештерді Берлиндегі Arena клубында өткізді. Одан соң ХХ ғасырдың басында бассейн ретінде салынып, қазір клуб болып жабдықталған Stattbad Wedding-те өтті. Бүгінге дейін сол кештерден хабар беріп тұратын көркем репродукцияны еске салатын үлкен форматты флайерлер жобаның маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Өйткені Бэрдің айтуынша, екі ұйымдастырушы да техноны «жай ғана тойлауға арналған музыка» ретінде емес, керісінше көркем бағдарламаның бір бөлігі  деп санайды.
Бэрдің өзі мен оның серіктесі берлиндік ди-джей Милтон Бредли ол кештерге қонақ ретінде қатысады. 2011 жылы екеуі бірге өздерінің музыкасын шығаратын К209 лейблін құрды. Олар ұйымдастырған кештер мен лейблдар сәтті шыққандықтан екеуінің еуропалық, жапониялық және АҚШ клубтарға жолдары түсті. Бэр кенет пайда болған идеядан шетелде берлиндік техно-мәдениетті көрсететін жоба туады деп ойламаған еді: «Кейде маған Англиядан және Скандинавиядан хабарласып, келесі концерттің қашан болатынын сұрап жатады. Әрине, бұл бізге шабыт сыйлайды» дейді ол.

 
  Құпия музыканттар
Dystopian шаралар сериясы да осыған ұқсас дамыған. 2009 жылы берлиндік ди-джей Rødhåd-тың достары оның өз тұғыры болғаны дұрыс деп шешті, себебі оның музыкасы өзін шақырған кештердің үлгілеріне сәйкес келмейтін. «Rødhåd көңілсіз, меланхолиялық техно ойнайтын. Сонда қараңғылық түсердің алдындағы, күн батар кездегі атмосфераны жасайтын. Және сол атмосфераны бірнеше сағаттарға дейін ұстап тұра алатын» деп еске алады ұйымдастырушылардың бірі. Жас ди-джейдің сеттерінен шабыттанған достары Dystopian-ды құрып, Rødhåd-ты оның резиденті деп жариялады.
Кейінірек жобаға Alex.Do, Recondite, Felix K және Don Williams келіп қосылды. Кештер анда-санда Arena клубында өтеді. Өйткені Dystopian-ның ди-джейлері басқа елдерге гастрольдарға жиі барады. Оған олар 2012 жылдан бастап продюссер ретінде де жұмыс істейтін аттас лейблдың құрылуы себеп болды. Даңқтары асып бара жатса да немесе сол себептен музыканттар өздерінің шын аттарын атамайды. Мұндай құпиялылық техноның пионерлері тыңдарманының назарын тек ғана музыкаға аударуға тырысқан алғашқы кезеңнен келе жатқан дәстүрге байланысты.  
Берлиндік Vault Series техно-лейблы үшін де құпияда болу дағдылы іс болып табылады: 

 

 Берлиндік Vault Series техно-лейблы үшін де құпияда болу дағдылы іс болып табылады: «Музыканың артында тұрған аттар рөл ойнамайды, ең бастысы би алаңындағы сәт» деп түсіндіреді Subjected лақап атымен танымал және Stattbad Wedding-те ойнайтын лейбл басшысы. Бұл жобаға продюссерлер Sawlin және Morbeck те жұмылдырылған. Subjected Vault Series-ті 2010 жылы құрды, себебі ол кезде берлиндік үш жігіттің агрессивті стиліне қызығушылық танытқан лейблдер болмады. Барлық жерде бірдей айтылатын уәж «Орасан қатты, аса бұрмаланған, тым индустриалды» болды. Соған қарамстан Subjected пластинкалардың бірінші шығарылымына қаражат құйды және оны өзі рәсімдеді. Ол дұрыс жол таңдаған сияқты: көп өтпей танымал ди-джейлер Subjected-тің тректерін өздерінің сеттерінде ойната бастады, ал индастриэлдің ықпалы көптеген клубтарда байқалады.

 
 Келешектің музыкасы  
Қазір классикалық техноны Берлиннен басқа жерлерде де тыңдауға болады. Хаус-мәдениет танымал Мюнхенде өздерінің музыкасын да, басқа продюссерлердің музыкасын да шығаратын ағайынды Дарио мен Марко Ценкерлер Ilian Tape лейблының негізін құрды. Мұнда да басты талап техно болып табылады, бірақ пластинкаларда көбінесе чикаго-хаус және электро (өткен ғасырдың 80-жылдарында танымал болған жанр) элементтерін де естуге болады.

Басында бұл коктейль ағайындыларға шетелдік тыңдарманның назарын аудартты. Міне, бірнеше жылдан бері олар Еуропа мен АҚШ-та ди-джей ретінде және жанды дауыспен өнер көрсетіп жүр. Неміс техно-қоғамдастығы Берлинде орталықтандырылғандықтан олар қазір Германияда да танымал бола бастады. Мюнхендегі Ilian Tape кештері өтетін Rote Sonne клубында тек бавариялық тыңдармандарды ғана емес, сондай-ақ Италиядан келген қонақтарды да кездестіруге болады.

 

Германия астанасындағы клубтық кештерден алыста орналасқан тыныш Гиссен қаласында ди-джей және продюссер Йоханнес Фольк 90-жылдардың басынан бері өзінің композицияларымен жұмыс істеп келеді. Басқа лейблдардағы алғашқы релиздерінен кейін ол өзінің техно туралы ойларын дыбыстық, әрі бейнелі деңгейде іске асыру үшін 2011 жылы Exploration Records атты өз компаниясын құрды. Ол досымен бірге лейблдың бүкіл өнімі үшін дизайнды ретро-футуристік стильдегі аспанда ұшып жүрген денелер мен ракеталар түрінде әзірледі. Музыка бізді техноның пайда болу кездеріне қайтарады. Новаторлық механикалық дыбыстар кейде келешектің технологиялық көрінісін оятады. Фольк өткеннің утопиялары бар бұл шақыруды кейінге оралу деп санамайды. Ол үшін техно «келешектің музыкасы» болып табылады және ол позитивті, оңтайлы болашақ. Берлиндік баран техноға қарағанда тіпті қараңғы би алаңдарының өзіне сәуле түсіретін гармонияға толы.

 
   
Copyright: Goethe-Institut e. V., интернет-редакциясы,
қаңтар, 2014

Мақала бойынша сұрағыңыз болса, бізге жазыңыз: internet-redaktion@goethe.de