Неміс бірлігі Баухаус – жалпы немістік танымал орын

Bauhaus-Gebäude in Dessau

ГДР-де модерн үлгісіне ұзақ уақыт бойы тыйым салынды. Бүгінгі таңда Баухаус біріккен Германияның мәдени шамшырақтарының бірі болып табылады.

Веймарда құрылған Дессаудағы Баухаус 20 ғасырдағы немістің ең сәтті өнертабысы, барлық экспорттық өнімдердің ішіндегі ең үлкені және брендтер ішіндегі ең ұзақ жасағаны болды. Одан басқа әлемде соншалықты зор табысқа жеткен германиялық дизайн жоқ. Одан басқа ешқандай да неміс үлгісі заманауилықпен толық әрі нық байланыса алмайды. Дессаудағы архитектуралық мектептің бар болғаны сегіз жыл ғана өмір сүріп, 1933 жылы жабылып қалғанына қарамастан, Баухаусқа қарсы шығу деген сөз бүгінгі таңда да «прогреске» қарсы шыққанмен тең көрінеді.
 
Дессаудағы жабылу мен сол жерде 1976 жылы ГДР үкіметінің бастамасымен «Ғылыми-мәдени орталықтың» қайтадан ашылуының арасында бұқаралық тыйымның төрт онжылдығы – алдымен Баухауспен күресті 1933 жылдан бұрын-ақ бастаған национал-социалистер, одан соң коммунистер тарапынан – бұл мәселе туралы Батыс Германияда ақпарат аз болды – жатты. Бұл тыйым ГДР орнаған шаққа дейін жалғасты. Совет Одағының Архитектура академиясының төрағасы Аркадий Мордвинов 1950 жылы Мәскеуге келген ГДР архитекторлары мен партия идеологтарынан құралған жоғары деңгейдегі делегацияға «Баухаус пен социализм бір-бірімен үйлеспейді» деп, жаңа жол сілтеді. Сондықтан та «Баухаус үлгісінде ойлайтын адамдарды нағыз социалистік мәдениет майданына бағыттау» міндеті алға қойылды.
 
Екінші сұрыпты ақтау
 
Жағдаят тек 1990 жылы Германия біріккеннен үш жыл бұрын ғана өзгере бастады. ГДР енді «Дизайн орталығы» деп аталған Баухаустың қайтадан ашылу салтанатын жасады. Әйтсе де Баухаустың негізін қалаушы Вальтер Гропиустың нағыз социалистік ұғымды меңгере алмағаны да айтылмай қалған жоқ, әрине. Өзінің «социальды негіздегі архитектуралық тұжырымдамасын» ол «ашық түрде екі бағытқа да» қарай дамытты – «пролетариаттық (социалистік) бағытқа да, буржуазиялық (капиталистік) бағытқа да» дейді веймарлық архитектура тарихшысы Кристиан Шедлих. Сондықтан да ақтау бәрібір екінші сұрып сипатында болды.
 
Ал Германия біріккен соң төрт жыл бойы Баухаустың ары қарай не болатыны белгісіз болды. Тек 1994 жылы 9 ақпанда ғана «Баухауc Дессау қоры» құрылды. Содан бастап ғимарат кешені өз институттарымен Германияның мемлекеттік маңызды мәдениет мекемелері мен мәдени шамшырақтар қатарынан саналады.  
 
Мұндай үлкен мәртебеге тарихи Баухаус ешқашан ұмтылған емес еді. Оның өзін-өзі тануы мен өмірлік қағидасы жаңаға талпынған бүлікшілдікке негізделген болатын. Егер де бұл өнер мектебі өзіне дейін қалыптасқан барлық өмірлік қатынастарды түбегейлі өзгертуге, барлық құндылықтарға, байланыстар мен мақсаттарға мүлде басқаша мән үстемелеуге бетбұрыс жасамаған болса, әлемдік тарихта теңдесі жоқ өзіндік сипатқа, атақ-абыройға қол жеткізбеген болар еді.  
 
Бұл жігерлі, асау және тәуекелшіл ойдың басында көркемдік жалпы туынды ұғымы – композитор Рихард Вагнер де сол үшін күрескен болатын – жатқанын түсінуіміз керек. Оған австриялық Йозеф Мариа Ольбрих төңірегінде жиналған модерн пионерлеріне шабыт берген әлемді жақсартуға қатысты романтикалық идеяға талпынған өнерпаздар қауымдастығы қосылды. Олар қолөнерге, орта ғасырлық соборларды салу стиліне, цехтарға қайта оралуды қалады. «Тәнді іштен тазалауға» әсер етуге тиіс тыныс алу, шынықтыру және саналы тамақтану әдістері насихатталды.
 
Оқтай түзу сызықтар
 
Баухаустың қалыптасқан нормаларға деген зор шабуылы Дессаудан бұрын, Веймардағы 1919–1925 жылдар аралығындағы алғашқы кезеңінде-ақ сәтсіздікке ұшырады. Англиялық Фрэнк Уитфорд 1992 жылғы Баухаус туралы үлкен ғылыми еңбегінде «бүгінгі таңдағы Германияда өте түбегейлі» деп атап көрсеткен сипат «мистик» Йоханнес Иттен мен Баухаус басшысы Вальтер Гропиустың арасындағы күресте сұйыла түсті: «Бір жағынан шығыс мәдениеті, Индияға табыну, Вандерфогель қозғалысының табиғатқа қайтадан оралуы және басқалар, басқа қоныс, вегетарианшылдық, толстоизм, соғысқа деген көзқарас – екінші жағынан американизм, прогресс, техника мен өнертапқыштық жетістіктері, үлкен қалалар…»
 
Ақыры Гропиус – және онымен бірге Голландиядан келіп жеткен оқтай түзу сызықтарға деген бетбұрыс – жеңді. Безендірілген фасадтан, түстен, екі жағы да еңкіш шатырдан, бағанадан, эркерден, сыртқа қарай шығыңқы іргеден, ернеуден бас тартылды. Және қаланы «ағза» ретінде қарастыру дәстүрі де ұмытылды. Көліктерге ыңғайлы, механизм ретіндегі қала, дәліз-көшелер мен   периметрлі құрылыстың тоқтатылуы, функциялардың бөлінісі, дайын бөлшектер мен элементтер құрылысы насихатталды. «Фордизм», өндірістік үдерістерге, фабрикалардың ырғағына, тауар айналымының жылдамдығына бейімделу жаңалық боп енді. Бірақ мұраны сақтап қалуды және оны (Баухаус қорының жарғысында атап көрсетілгендей) «бұқараға жеткізуді» Баухаустың негізін қалаушы Гропиус қаламады.
 
Егер Баухаус бүгінгі таңда қайтадан жалпы немістік танымал орынға айналған болса, мұны тек оның революцияшыл рухы өшіп, қазірде түбегейлі жаңаға талпынудан гөрі дәстүрді сақтаумен айналысатын сипатымен түсіндіруге болады. Баухаустан ұшып шығып, жеңімпаз шеруі бүкіл әлемге самғаған прогресс қазірде музейлік сипатты жарықта селқос жатыр.
 
Бүгінгі Баухаус Дессау:

Дессауда бүгінгі таңда да баухаустықтардың ізімен серуендеп көруге болады. Оған барған қонақтар Вальтер Гропиус жобасын жасаған сол кездегі мектеп ғимараты мен «жаңа шеберлер үйлерін» аралап көре алады. Гропиус пен оның серіктестері тұрған үйлер жаңғыртылып, 2014 жылы қайтадан ашылды. Сонымен қатар Дессаудың оңтүстігінде 1920-жылдардың соңында қаланың тапсырысы бойынша салынған «Тёртен кварталы» орналасқан.