БЕРЛИНАЛЕ БЛОГЕРЛЕР-2018 Өткен шақ қазіргі шақ түрінде

 Паула Беер мен Франц Роговски Кристиан Петцольдтың «Транзит» фильмінде.
Паула Беер мен Франц Роговски Кристиан Петцольдтың «Транзит» фильмінде. | Christian Schulz © Schramm Film

Режиссёр Кристиан Петцольдтың Транзит фильмінде Анна Зегерстің «қуғын-сүргін романы» бүгінгі күн оқиғаларының алдын-ала ескертуіне айналады.
 

Сыншылар Транзит фильміне жақсы баға берді, ол сөзсіз фестиваль бәйгесінен үміткерлер қатарынан. 1942 жылы орын алған Анна Зегерс романының оқиғасын бүгінгі таңға алып келу идеясының өзі ерекше. Немістерден қашқан бірнеше кейіпкер Марсельге тап болады; тамұқтай болған транзиттік аймақта олар қаладан шығатын визаны күтеді, бір-бірімен жүздеседі, айырылысады, өткен шақ туралы естеліктер естен шықпайды.   
 
Барлығы да Зегерстің француз қуғын-сүргіні кезінде Марсельде мексикалық визаға қол жеткізе алған және басынан кешкен оқиғаны бірден қағазға түсіріп қалдырған 1940 жылдардың басындағыдай. Бірақ бұл даусыз қазіргі шақ, оның сұрқай әрі қауіпті көрінісі. Оқиға желісін қазіргі шаққа айналдыру арқылы Петцольд өте өзекті тақырыптарды көтеріп отыр – қашу, қуғын-сүргін, тоталитаризм. Және сол арқылы өткен шақтың да – егжей-тегжейлі тарихи мәліметтерсіз – көрініс беруіне қол жеткізе білген.  
 

Өмір мен өлім аралығында

Петцольд сонымен қатар киноны қиялдағыдай транзиттік кеңістік ретінде көретін идеясын көркемдей түседі. Оның басты кейіпкерлері қаза болған күйеуін іздеген Мари (Паула Беер) мен оның барабарлығын қабылдаған Георг (Франц Роговски) өздерінен өздері қашқан елестерге ұқсайды. Туындыдан Кафканың, Сартрдың және Хичкоктың «Бас айналу» (англ. Vertigo) сарындары байқалады және бұл Петцольд шығармасы үшін жаңалық емес.

Әйтсе де режиссёр көрерменіне бәрін даяр күйде ұсынбайды. Оның поэтикалық құралдары бізді кейде кейіпкерлерден тым қашықтата түседі, оларды сәйкестендіру үшін еңбектену қажет. Баяндаушының ерекше дауысы ол істе шынымен көмек бола ала ма, әлде керісінше тым көп баяндай ма деген сұрақ қарқынды талқыланды.
 
Фильмнен кейін өткен пресс-конференцияда режиссёр ол дауысты француз «жаңа толқынына» сілтеме ретінде түсіндірді. Бұл анықтама да, сондай-ақ оның фильмнің бас кейіпкерін ойнаған Франц Роговскиге деген жылы лебізі де көпшіліктің көңілінен шықты. Берлиналенің жаңа жұлдызынан режиссёр «Бельмондоның миға қонымсыз әдемі мұңдылығын» көреді. Режиссёр сондай-ақ кезіндегі Анна Зегерстікі секілді тәжірибелерге негізделген адамның бассауға сұрауға деген жалпы құқығын қорғау туралы ойын ашық білдірді. Әрине, бұл жерде де Петцольдтың ойы дұрыс екені даусыз.