FAVO АЛМАТЫДА

 FAVO тобы Алматыда
© David Beecroft

 
FAVO тобының халықаралық Джаз фестивалінің аясындағы концертін алматылықтар асыға күтті. Неміс джазбэндінің келетіні жөнінде БАҚ-та жарияланған ақпарат музыка сүйер қауым арасында жылдам тарап кетті. 
 

Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармония залы көрермен қауымға лық толды. Үміт толығымен ақталды: германиялық музыканттардың джаз әуені көрермен қауымды бір демде-ақ елітіп әкетті.
 
Фальк Брайткройц –  бас-кларнет, альт, мбира  
Біздің музыкамыз – джаз бен әлемдік музыканың және басқа да көптеген әуендердің қосындысы. Дегенмен біздің орындау нақышымызды джазға жатқызуға болады. Өйткені біз концерт кезінде көп импровизация жасаймыз, нотасыз ойнаймыз, үндестік іздейміз, ал мұның бәрі – джаздың сипаты. Біздің музыкалық тақырыптарымыздың көбі неміс және басқа да халық музыкасымен байланысты. Топта кімнің рөлі басты екенін айту қиын. Бар болғаны үшеуміз. Бас, үндестік және ритмге қатар жауап беретіндіктен, мені топтың моторы деуге болады. Менің бұл топта ойнау себебіме келсек, біріншіден, музыканы қатты сүйемін, екіншіден, менің мұнда алуан түрлі аспаптарда алуан түрлі жолдармен ойнауды үйренуге мүмкіншілігім бар.  
 
FAVO тобының негізін қалаушы Фолькер Шлотты алматылықтар өткен жылдан бері біледі. Барлық аспаптарда дерлік ойнай білетін музыкантты есте сақтамаудың өзі мүмкін еместей. FAVO тобын Фолькер басында бас-кларнетист әрі альтист Фальк Брайткройцімен бірге құрған екен. Кейін оларға бельгиялық әнші Сандер де Винне қосылыпты. FAVO бір жылдан соң-ақ Гёте-Институтпен белсенді түрде бірге жұмыс істеп, оның шақыруымен гастрольдік сапарларға шығып, концерттер қойып, фестивальдерге қатыса бастапты. Музыканттар «Джаз – әлемді құтқаруға қабілетті сенімді оптимистердің музыкасы», - деген ойда.
 
Фолькер Шлотт  - сопрано-саксофон, саксофон Си мелоди, кахон
Иә, мен әріптесімнің сөздеріне толығымен қосыламын. Джаз әуені өте көп қырлы, алуан түрлі сезімдерге бай. Ол қуаныш, оптимизм, анархия, революция, махаббат, меланхолия, бір сөзбен айтқанда барлығын таратады. Және бұл керемет! Біз Фальк екеуіміз бірге бастадық. Гёте-Институттың шақыруымен әртүрлі елдерде концерттер қойдық. Сібір қалаларында турнеде болдық. Бас-кларнет пен саксофонның арасында ерекше қарым-қатынас, таңғажайып үндестік бар. Уақыт өте келе FAVO тобын құру туралы ой туды. Алғашқы концертімізді Санкт-Петербургте, «Эрмитаж» театрында қойдық. Алған әсеріміз ерекше! Одан кейін Шығыс Африкаға сапар шектік, Еуропада, Германияда концерттер бердік. Содан соң алғашқы компакт-дискіміз жарық көрді.
 
Сандер де Винне - вокал, битбокс  
Бес жылдан бері осы топтамын және ол үшін өте бақыттымын. Берлиндегі Джаз институтында оқып жүрген кезімде Фолькердің студенті болғамын. Кейін ол мені FAVO тобының екінші альбомын жаздырарда солист ретінде шақырды. Үшеуіміздің қалауымыз – барша адамдар үшін, көлемді көрермен қауым үшін джаз ойнау. Яғни, джаз дегдар топқа арналған музыка дегенге келіспеймін. Мен үшін біздің музыкамызды неғұрлым көп адамның тыңдағаны маңызды.
 
Ақысыз мастер-кластар – неміс музыканттарының гастрольдік бағдарламасының құрамдас бір бөлігі. Әрі олар үшін жергілікті әріптестерімен тәжірибе бөлісіп, өздері мен шығармашылық жоспарлары және джазға деген құрметтері туралы баяндауға мүмкіндік. Бұл жолы FAVO тобының музыканттарын Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық колледж студенттері қабылдады. Германиядан келген қонақтар оларға үрмелі аспаптардағы шебер өнерлерін көрсетіп, өздерінің жұмыс істеу стильдері мен бағыттары туралы әңгімелеп, көптеген сұрақтарға жауап берді.  
 
Біржан Хасанғали - Чайковский атындағы музыкалық колледж директоры
Кез келген халықаралық бірлескен проект – әсіресе өнер, музыка саласындағы – адамды байытады. Бұл мастер-класқа қатысқанда біздің студенттеріміз бен педагогтарымыз өздері үшін бұрын беймәлім болған мәліметтер алғаны анық. Олар үшін жаңа ілімнің құнды тәжірибе боларына сенімдімін. Германиядан келген қонақтар – сөзсіз талантты және танымал музыканттар, олар туралы көп нәрсені естіп, білдік. Біздің студенттеріміз әрқашан ізденіс үстінде жүреді. Сондықтан мұндай кездесулер олар үшін өте маңызды. Халықаралық ынтымақтастық аясында олар тек елдер арасындағы серіктестікті қана емес, адамдар арасындағы өзара қарым-қатынасты да нығайта түседі. Бұл өте ізгі іс.  
 
Алматының сыртында FAVO тобы Жауғашты ауылында орналасқан әйелдер түрмесінде, Қарағанды, Ашхабад, Ош және Бішкек қалаларында өнер көрсетті.