Берлиноград Неміс астанасындағы он „орыс“ орын

Берлин барлық неміс қалаларының ішіндегі ең орыс сипаттысы болуы керек. 20 ғасырдағы орыстың зиялы қауымы жақсы көрген рефугиум және Совет Одағының жақын жақтасы ГДР астанасы болған бұл қала кейін де Ресейден эмигранттар тартуды жалғастыра берді. Олар «Боярский» шоты мен сібір түшпарасын ұсынатын Берлиннің кішкентай «орыс әлеміне» әлі де бұрынғыдай ұмтылады. Журналист Барбара Морозова бізді Отанымызбен байланыстыратын он орынмен таныстырады.

Шарлоттенбург
 
Электричкамен келіп, Шарлоттенбург бекетінен түсе сала, Ресейге тап боласыз. Мәселе мынада: онда атауы үш түспен үлкен етіп жазылған Ресей супермаркеті тұр. Дүкен сөрелерінен қарақұмық, қоюлатылған тәтті сүт, «Алёнка» шоколадын және т.б. табуға болады – гастрономияға жақын патриот үшін нағыз жұмақ дерлік. Қаланың бұл бөлігінің орыстық сипаты бұнымен ғана шектелмейді. Орыс эмигранттары Октябрь революциясынан кейін бұл жерде орын тепкен кезде ол «Шарлоттенград» деген лақап атқа ие болған еді. Одан бері район түбегейлі өзгерді. Әйтсе де орыс сипатты Шарлоттенградтың іздері сақталып қалған. Мысалға кезінде Марина Цветаева, Андрей Белый және Владимир Набоков тұрған Элизабет Шмидт пансионын (Trautenaustrasse 9) атауға болады. Және Шарлоттенбург сарайынан жаяу бес-ақ минут жүретін жерде 1979 жылы ашылған Берлиндегі ең көне орыс рестораны «Самовар» (Luisenplatz 3) орналасқан. Керемет мерекелік дастарқан болмаса да, мұнда патшалық ресейлік интерьердің ортасында отырып, «Романовтың арманы» аперитивінен татуға болады.   
© Warwara Morosowa © Warwara Morosowa Марцан
 
ГДР кезінен тұрған биік панель үйлер, кең автомагистральдар мен трамвай линиялары – бұл Берлиннің Шығысында орналасқан келесі бір «орыс» квартал Марцан. Александерплацтан бұл жерге дейін 25 минутта жетесіз. Бірақ сізді шалғайда жатқан орыстың бір қаласының шетіне келгендей сезім билейді. Батыс Берлин тұрғындарының арасында Марцанның жаман атағы тараған. Бірақ квартал ондай жаман атқа мүлде лайық емес. Полиция мәлімдемелері бойынша ол астананың ең қауіпсіз райондарының бірі. Және
30 000 ресейлік немістердің үйі. Сондықтан да ол жерде орыс тіліндегі балалар бақшасы мен Путиннің суреті бар футболканы табу өте оңай.  
© Warwara Morosowa © Warwara Morosowa «Крокодил» кинотеатры
 
Берлиндегі жалғыз орыс тілді кинотеатр Greifenhagener Str. 32 мекенжайы бойынша орналасқан. Директор Габриель Хагени алғаш совет фильмдерін неміс тіліндегі субтитрмен көрсетіп бастаған еді. Бүгінгі таңда «Крокодил»-дің бағдарламасын Шығыс Еуропалық ескі және өзекті фильмдер құрайды. Кіреберістің үстінде жайлы түрде трубалардан құйылған Потемкин соғыс кемесі орналасқан, фойеде Совет Одағының Бас хатшыларының суреттері, «Oбед» деген жазуы бар тақта және төбеге байланған крокодил ілінген. Кинотеатрда фильм көрсетілімдерінің сыртында анимация бойынша воркшоптар да өтіп тұрады.
© Warwara Morosowa © Warwara Morosowa Панда-Театр

 «Панда» (Knaackstraße 97) – оның атауында жазылғандай, «тек қана орыс театр емес», сонымен қатар бұрынғы Совет Одағына қарасты елдер мен Шығыс Еуропадан келген жасампаз жандардың салмақты бірлестігі. Театрды 2009 жылы мәскеулік перформанс-өнерші Александр Дельфинов ашқан. Ал бүгінгі таңда ол алуан түрлі өнер саласының өкілдеріне арналған ашық кеңістік болып табылады. Берлиндік «Панда» өзі отырған ғимаратты өнерпаз Дмитрий Врубельдің «БruderKunst» ашық шеберханасымен бөліседі. Ол Хонекер мен Брежневтің сүйісіне арналған Берлин қабырғасындағы «Құдайым-ай, мына өлімдік махаббат арасында аман-есен тірлік кешуіме көмектесе көр» атты әйгілі суреттің авторы. Шеберханаға көз салған адамның театрға да соққаны абзал: өнерпаздың суреттері қойылымдар үшін тамаша декорацияны құрайды.
© Warwara Morosowa © Warwara Morosowa Kaffee Burger

Егер биге барғыңыз келсе (Берлинде бұл міндетті түрде болуға тиіс іс),   Kaffee Burger клубына (Torstraße 60) соғыңыз. Онда 90-жылдардың соңында Владимир Каминердің әйгілі RussenDisko-сы дүрілдеп тұрған. Орыстың хиттері Берлин тұрғындарының көңілінен шыққан дискотеканың мәртебесі өскені сондай, ол коммерциялық радиостанциялар мен сол кездегі MTV өрісін тарылтқандай болған еді. Клубтың интерьері ескі хрущев-пәтерді еске түсіреді: бірнеше тар жертөлелік бөлмелер, қабырғада сары тұсқағаз және ГДР-ден жалғасқан ескі жиһаз. Бұл кеңестік дәуірдің декаденттік эстетикасын сағынған адамға таптырмайтын орын.
© kaffe burger © kaffe burger Трептов саябағы


Берлинде соғыс ескерткіштері жеткілікті. Бірақ Трептов саябағындағы советтік ескерткіштің орны бөлек. Ол мұндай ескерткіштердің бұрынғы Совет Одағынан тысқары аумақта орнатылғандарының ішіндегі ең үлкені әрі қаланы азат ету шайқасында қаза тапқан 7 000 совет жауынгерінің зираты. Ескерткіш алуан түрлі бөліктен тұрады, олар – қолына бала ұстаған солдаттың мүсіні, зират алаңы, кіреберістегі гранит порталы және әйелдің қарапайым ғана мүсіні. Трептов саябағындағы азаттықты әперген солдаттың мүсіні «Отан-Ана шақырады!» триптихінің үш бөлігінің бірі болып табылады. Қалған екі бөлігі Магнитогорск мен Волгоград қалаларында орналасқан.
© Warwara Morosowa © Warwara Morosowa «Берлин-Карлсхорст» неміс-орыс музейі

«Берлин-Карлсхорст» музейі (Zwieseler Str. 4) герман қарулы күштерінің капитуляция актісіне қол қойылған тарихи орында орналасқан. Бұл жерге көлік алмастырып жүріп жетуге болады, бірақ тарих жанашырлары үшін міндетті түрде келіп, көруге тұратын жер. Ұзақ уақыттық көрсетілімге арналған көрме 1917 – 1960 жылдар аралығындағы герман-совет қарым-қатынасына бағытталған. Сонымен қатар мұнда тақырыптық ауыспалы  көрмелер де тұрақты ұйымдастырылып тұрады. Музейге кіру ақысыз, бірақ ішке кірерден бұрын ғимаратты айланып, қараған жөн: өйткені «Катюша» мен Т-34 танкін Берлинде басқа жерден кездестіру мүмкін емес болу керек.
© Warwara Morosowa © Warwara Morosowa Квартира 62

Жанға жақын атмосфералы жайлы барды (Lübbener Str. 18) жақсы көретіндер көп – олардың ішінде Совет Одағында туып өскендіктен, барға сағынышпен баратындармен қатар Кройцберг районына қарасты богема өкілдері де бар. «Квартира»-ның иесі Александер Грюнер Берлинге 1998 жылы келген. Ол кезде кәсіпкерлік пен гастрономиядан ешқандай хабарсыз Александер Грюнердің ынтасы мен тартымдылығы өз жемісін берді: бүгінгі таңда «Квартира» Берлиндегі ең табысты барлардың бірі болып саналады. Мәселен, бүкіл қала бойынша ең дәмді түшпара осында делінеді. Басытқыға водка мен қайың шырынын ұсынуға болады. Мұның бәрінің де бағасы ойға қонымды. 
© Warwara Morosowa © Warwara Morosowa «Примитив» бары

Фридрихсхайн районының ең қозғалысты көшелерінің бірінде орналасқан «Примитив» бары (Simon-Dach-Straße 28) өзінің атауына қарамастан, қарапайым орын емес. Сергіткіш ішімдіктердің салмақты таңдауы мен демократиялық бағалардың сыртында бар көңіл көтеретін қызықты бағдарлама да ұсынады – мұнда әлемнің бүкіл бұрышынан келген бишілердің қатысуымен тұрақты бурлеск-шоу өтіп тұрады. Ашық билер 1920 жылдардағы Ресей стиліндегі интерьермен ерекше үндестік табады: шашақты шырақ-қалпақ, орыс тіліндегі жазбалары бар ретро-плакаттар және кеңестік дәуірдегі балалық шақтың естелігі болып табылатын құламайтын қуыршақ. «Примитив» барының орыс нақышын әрлеу ісінде оның қожайындарының бірі Палинаның еңбегі зор. Оның отбасы Германияға Қазақстаннан көшіп келген. 

Vater Bar

Vater Bar (Reuterstraße 27) Нойкёльннің көптеген басқа барларынан несімен ерекшеленетіні туралы сұрауыңыз әбден мүмкін. Оны ашқан иелерінің – олардың бірі ресейлік неміс Артём Хайн – көздеген мақсаты әрбір орыс  эмигрантына жақын атмосфера құру болғаны анық: бедерлі перделер, қабырғаға ілінген кілемдер мен советтік жиһаз. Мұндағы дастарқан мәзіріне де өзіндік ерекшелік тән, мәселен, «Лена бикеш» және «Қарақшы Женя» аталатын коктейльдерді Берлинде басқа жерде табу мүмкін емес шығар. Мұнда классикалық «Боярский» питер-шотының бір евро тұратыны солтүстік астаналық тұрғындарға қуаныш сыйлары анық.