ЕРТЕҢГІ КҮННІҢ ҚАЛАСЫ
КЕҢЕСТІК МОДЕРНИЗМ СӘУЛЕТІ — ОЛ НЕ?

КЕҢЕСТІК МОДЕРНИЗМ
© Константин Антипин

Сәулеттік модернизм — бұл жай стиль емес, бірақ өткен ғасырдың ортасында бүкіл әлемді жаулаған ауқымды құбылыс. Өздерінің идеологиялары мен мәдениеттеріне қарамастан, әлем сәулетшілері ортақ тілде «сөйледі».  Модернизм термині жалпы заманауи сәулет мағынасын беретін батыста бұл стильдің халықаралық деп аталуы тегін емес.  Кеңестік модернизмнің ресми емес туған күні деп 1955 жылдың 4 қарашасы саналады.
Ол кезде КССРО-да сәндік элементтерге толы сталиндік сәулет өнерін қатты сынға алған «Жобалау және құрылыс саласындағы ысырапшылдықты болдырмау туралы» қаулы қабылданған еді. Оған дейін өз еңбектері үшін жоғары сыйлыққа ие болған кей сәулетшілерді масқара қылып, сол атақтарынан айырды. Бірақ бұл қаулы Кеңестер елінде жаңа стильдің пайда болғанын көрсететін жалғыз оқиға емес еді.
Сонау 1954 жылы индустриализациялауға және құрылыс саласын типтендіруге бағыт алудың көрінісі - темірбетон өнімдері зауыттарын белсенді дамыту басталған еді. Сол кезде Хрущев Бүкілодақтық мәслихатта сәулетшілер мен құрылысшыларға өзінің идеялары мен талаптарын ашық айтқан.
Олар негізінен тұрғын үй құрылысының баяулығына қатысты еді. Бірнеше онжылдықтың ішінде тұрғын үй жетіспеушілігі тек арта түсті, барақтарда тұратын адамдардың да саны көбейді. Сол себепті де тұрғын үй мәселесі алдыңғы орында тұрды, ал жаңа сәулет дәуірінің нышаны алғашында, өзінен өзі, «хрущевка» болды. Бұрын сәулетшілер ғимараттың қасбетін терезе, қабырға, арка, колонналар мен басқа да сәндік элементтерден құрастырған болса, енді жобалау масштабы өзгерді: сәулетшілер жекелеген типтік ғимараттардан, кірпіштен жасағандай, толықтай бір аудандардың «қасбеттерін» құрастырды. 

Дара жобалар қатты сиреп кетті және тек сәулетшілердің өз арасында ғана қолжетімді болды. Бірақ солардың өзін жүзеге асыру кезінде құрылысшылар   көбінесе кейбір негізгі бөліктерді өзгертуді талап етіп, автордың жалпы ойға алған жоспарын бұзып, бар еңбегін зая кетірді. Әйтсе де ғажайыптар болып тұрды, шығармашылықты аңсаған сәулетшілерге типтеу мен құрастыру қағидаларын қатаң сақтауды талап ете бермейтін ғимараттарды жобалауға  тапсырыстар мен байқаулар пайда болды. Дәл осындай жобалар соңғы жылдары әлем назарын өзіне аударған кеңестік модернизм дәуірінің нағыз нышандарына айналды.

1950-жылдардың соңы мен 1960-жылдардың басы — ғарышты игеру, ғылымның, техниканың, автомобилизациялаудың даму заманы… Әдеттегі нысандар үшін жаңа сәулет өнеріне ғана емес, бұрын болмаған институциялар үшін жаңа ғимараттар жобасын әзірлеуге де сұраныс пайда болды. Мұндай эксперименттер өзінше бір еркіндік аумағы болды, ал жіберілген қатенің құны  өте жоғары болушы еді. Мысалы, неке сарайын жобалау сол жерде болашақта көптеген жылдар бойы өтетін салтанатты шаралардың сценарийін жасауды талап етті. Оның өзінде, ондай ғимарат үшін жалғыз түпбейне болып саналатын храм сәулетіне сүйену, идеологиялық тұрғыдан алғанда, қауіпті еді.

Есептеу орталықтары сәулетшілер үшін көз көрмес ғаламшармен бірдей еді, себебі бұрын жобаланатын ғимараттар тек адамға, оның ерекшеліктері мен өлшемдеріне негізделетін еді. Енді адамдарға емес, машиналарға үй салу керек болды. Сол жылдары жаппай өндірісін қарқынды дамыту қолға алынған  автокөлік инфрақұрылымдары туралы да соны айтуға болады. Техникалық қызмет көрсету стансалары, жанар-жағар май құю бекеттері, тіпті жер асты, жер үсті көлік тұрақтары сияқты қарапайым құрылыстардың өзі сәулетшілерден бұрынғы үйреншікті ойлау қағидаларынан бас тартуды талап етті. Кеңестік дәуірде сәулет өнерінің бұл салаларында жол ашушы шығармашылығын сонау 1920-жылдары авангард кезеңінде бастаған Леонид Павлов болды.
 КЕҢЕСТІК МОДЕРНИЗМ / модель © Константин Антипин Сол кезде Мәскеуде ЖКТЕШЕБ училищесі ашылды, онда өнердің барлық түрі тұтас бір дүние ретінде, бір бірімен тығыз байланыста, өзара араласып, астасып жатты. Сәулетшілер Малевичтің «архитектондарына» қарап, шабыттанса, суретшілер Черниховтың графикасына қарап, таңданысты. Бірақ 1930-жылдардағы биліктің күшейе түскен қысымы ЖКТЕШЕБ түлектерінің шығармашылық ұстанымдарын өзгертуге мәжбүр етті: болашаққа бет бұрған алдыңғы қатарлы сәулетті қалыптастырудың орнына «классикалық мұраны» игеру керек болды; бұрынғы догмаларды теріске шығарған супрематизм, кубизм сурет өнерінің орнына өнердің өзекті мәселесіне басын қатырмайтын пролетариатқа түсінікті шығармалар шығару керек болды. Міне, енді бірнеше онжылдық өткен соң, қажетсіз деп саналған өнердің мүмкіндігі пайда болды… Авангард мұрасы заманауи шетел сәулетімен қатар алпысты алқымдаған сәулетшілер үшін шабыт көзіне айналды.   

Манеждегі көрмеде Хрущев болғаннан кейін тыйым салынған абстракция биліктің назарынан тыс ең көрнекті жерден – ғимараттардың қасбетінен орын алды. «Өнер синтезі» модернизм дәуірінде жаңа белестерге шығып, баспасөз бетінде ерекше насихаттала бастайды.  Суретші – монументалистер, атақты сәулетшілердің белгілі ғимараттарына шешуші мән беріп немесе типтік құрылыстардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктер енгізіп, кейде тіпті  бүтіндей ғимарат құрылысын өз ойындағыдай жасауға мүмкіндік алып, сәулет шығармашылығының белсенді мүшелеріне айналады. Соңғылардың қатарына қасбеті мозаикалық панномен өрнектелген Ташкент телеорталығын және Мәскеудегі Пирогов атындағы институт кітапханасын жатқызуға болады.
  КЕҢЕСТІК МОДЕРНИЗМ © Константин Антипин
Бірақ модернизм дәуірінде жекелеген ғимараттар мен кешендер ғана салынып қойған жоқ, бұл кезде кей қалалар тұтасымен жаңадан бой көтерді. Ал Кеңес дәуірінің сәулетшілері мұндай міндеттерді шешу қажет және оған өздері де құштар жалғыз жандар болған жоқ, сондықтан  оларда тек авангард мұрасынан, Леонидов пен Ладовский шығармаларынан ғана емес, КССРО-ның классиканы меңгеруге кеткен уақытында алға озған шетелдің заманауи сәулетінен де шабыт алу мүмкіндігі болды. Тольятти, Набережные Челны, Старый Оскол — өндіріс алпауыттарын жобалауда кеңестік сәулетшілер Оскар Нимейердің жобасы бойынша салынған Бразилиадағы қоғамдық және әкімшілік ғимараттарының фотосуреттеріне ерекше қызығушылықпен қарады. Және солар сияқты орталықтар кешеніне ерекше көңіл бөлінді. Бірақ уақыт өте берді, қалаларда типтік тұрғын үйлер салынып жатты, ал олардың орталықтарының қымбат дара нысандарын қаржыландырудың реті келмей-ақ қойды.
  КЕҢЕСТІК МОДЕРНИЗМ © Константин Антипин Оқиғаның бұлай дамуы КССРО-ның құлдырау кезінде үйреншікті нәрсеге айналады, сондықтан да сәулетшілер өз жобаларын қағаз бетінен өмір шындығына айналдырған сирек кездер ерекше құндылыққа ие болады. «Ертеңгі күннің қаласы» көрмесі экпозициясының жергілікті бөлігі бай Мәскеуде не одақтас республикалардың астаналарында емес, Ресейдің шет аймақтарында жүзеге асқан жобаларға арналған. Бірақ, бір қызығы, кей уақытта биліктің көзінен таса жерде сәулетшілер өздерін қысып ұстаған құрсауды шешіп, тамаша әрі өзіндік ерекшелігі бар сәулет туындысын жасап шығаратын.
 
Және сол туынды елдің әр шетінен келген жүзге таяу ғимараттың мұрағаттық фотосуреттері көрсетілетін көрме келушілерінің назарын өзіне бірден аударатын болады: Архангельскіден Поволжьяға, Кубань мен Ставрополь өлкесіне дейін, Туладан Оралға, Сібір мен Қиыр Шығысқа дейін. Олардың әрқайсысынан автордың  қолтаңбасына, олар арналып жобаланған жердің климаттық, сейсмикалық және басқа ерекшеліктеріне байланысты бірегей қасиеттерін көруге болады.  Бірақ оның бәрін біріктірген бір нәрсе — сапалы заманауи сәулет өнерін қалыптастыруға деген идеологиялық реңкі мен географиялық шегі жоқ құштарлық.