Көктем '90
«Кенеттен бәрі қайта оралды»

1989 жылы Бранденбург қақпасының жанында Жаңа жылды қарсы алу
Шығыс және Батыс Германияның көңілді халқы Жаңа жыл мейрамын төрт он жылдықтан бері алғаш рет бірге тойлауда. | Bernd Schmidt © wir-waren-so-frei.de

Тұрғындар Берлин қабырғасына шығып, билегеннен кейін бір жылдан соң Германия қайтадан біртұтас мемлекетке айналды. Бірақ елдің қайтадан бірігуі бір кездегі ГДР-дегі Хоэншёнхаузен түрмесінде болған тұтқын үшін қандай сезімдер әкелді? Штази орталығындағы Аргентина стейкі, күтпеген кездесу мен Берлин клубтары туралы.

«Кенеттен бәрі қайта оралды»
 

Көк жүзін бұлт көмкерген. Әдетте биікке ұмтылған квадриганың аттары ғана көрінетін жерде қуанышты отшашудың мұнарында шығыс және батыс берлиндік көңілді адамдардың сұлбалары билеп жүр. Қарашаның 9 жұлдызында да солай болған еді. Адамдар 22 желтоқсаннан бері екі қосымша өтпелі болған Бранденбург қақпасына шығып алған. Ол өтпе жолдар бір неміс мемлекеттен екіншісіне апарады. Берлин тұрғындарының шаттана тойлағандары сонша, мейрамнан кейін квадриганы жөндеуге көп қаражат жұмсалды.
Бранденбург қақпасының алдындағы қабырға. Басқалар той тойлап жатқанда, ГСБП Берлин қабырғасының бөлшектерінен қалай пайда табуға болатыны туралы ойлануда. | Dagmar Lipper © wir-waren-so-frei.de Бұл рождество мейрамынан сәл ғана кейін еді. Әдеттегі отбасылық мереке 1989 жылы символ мәнді күнге айналды, өйткені азаматтар бұдан былай шекарадан визасыз өте алатын болады. Ақпанның ортасына дейін тек Берлиннің өзінде отыз шекарадан өткізу бекеті жаңадан ашылмақ.   
Марио Рёллиг  рождество мейрамын ажырап қалғандарына бір жылдан астам уақыт өткен ата-анасымен  қайтадан бірге тойлауда. Ол 1985 жылы Венгрияға сапары кезінде терма арасанының буларының арасында батыс берлиндік саясаткерді ұнатып қалады. Екеуі Шығыс Берлинде жиі кездесіп тұрады. Екі жыл бойы Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі (Штази) олардың махаббатын үздіксіз бақылауға алады. Ақыры Марио Рёллиг Оңтүстік Венгрияның «жасыл дәлізінен» Югославия арқылы Батыс Берлинге қашуға бел байлайды. Бірақ жолы болмады. Хоэншёнхаузен тергеу түрмесінде психологиялық азаптау барысында өткен күндер ұзаққа созылады. Ақыры 1988 жылы ГДР-дан кетуге қол жеткізеді. Берлин қабырғасының құлауы мен 1989/90 жылғы Жаңа жыл мейрамы оның көңілінде екі жақты сезім оятады.
«Мен біртүрлі сезімді бастан кештім: қабырғаның құлағаны үшін бірнеше күн бойы ешқандай қуаныш байқалмады. Себебі маған үлкен ауыртпашылық жасаған адамдардың бәрі де қайтадан пайда болған еді. Қабырға құлаған түнде де еш қуанған жоқпын. Әкем Шығыс Берлиннен телефон шалып, «Балам, қабырға құлады!» деді. Мен жұмыстан шаршап келіп, ұйықтап жатқан болатынмын. Сол сәтте «Ішіп алғасың ба не? Бұл туралы қалжыңдауға бола ма екен!» дедім де, тұтқаны қоя салдым. Марио Рёллигтің әкесі екінші рет телефон соғыпты. «Ұлым, қабырға құлады. Теледидарды қоссаңшы!» «Содан кейін теледидарды қосып, сол түні-ақ бірден Борнхольмер көшесіндегі бақылау-өткізу бекетіне барып, екі жылға таяу уақыт өткен соң ғана ата-анамның құшағына енсем де, жоғарыда айтқанымдай, алғашқы сәтте сезгенім жағымсыз сезім болды. Себебі қабырға мені тек отбасымнан ғана ажыратып қоймай, сонымен қатар ГДР-да мені қинаған адамдардан қорғап та тұрған болатын.» Жаңа жылды қарсы алған түні Рёллиг Бранденбург қақпасының алдында тұрып, жұртпен бірге тойлайды. Бұл кеште ГДР мен ФРГ телевизия орталықтары бірге жұмыс істейді: олар Бранденбург қақпасының екі жағынан алма-кезек хабар таратады. Суретте қара-қызыл-алтын түсті ту желбірейді. Тарихшылар немістің қос мемлекетінің де қайта қосылуды қалаған тілегі жүзеге асқан «екінші бетбұрысты шақ» туралы айтып жатты.

Қабырға алынды. Қабырға алынды. | Monika Waack © wir-waren-so-frei.de  Ал ГДР билігі сол сәтте Берлин қабырғасын коммерциялық тұрғыдан  қалай пайдалануға болатыны туралы толғаныс үстінде еді. 31 қаңтарда билік қабырға бөлшектерін валютаға сата бастады. Бөлініп, кәде-сый ретінде пайдаланылған ол бөлшектерді бүгінгі таңда Германияда музейлерден ғана көрмейміз, олар көшелер мен автожолдарға арналған құрылыс материалы ретінде қазір кезінде өздері бөліп тұрған жерлерді байланыстырады.
 

Штази орталығына шабуыл
 

Эрфуртта желтоқсанда-ақ көк жүзін түтіннің қара бұлты торлайды. Бұл қуаныштың отшашуынан емес-тін. Ол қара түтін Штази орталығының мұржасынан шығып жатыр. Мұнда ГДР-дің көптеген азаматтарының өмірі бұрмаланған түрде қайталанып отырған еді:  Штази қызметкерлері олардың әдеттерін, саяси ойларын, сезімдерін, қарым-қатынастарын, тіпті  қатынастарының құпия қырларын да қағаз бетіне түсіріп отыратын. Біреулердің – бәлкім, көршілерінің, достарының, туыстарының сыбырлауынан яки жасырын жеткізуінен немесе кездейсоқ кездесулер арқылы машинкаға жазылып отырды. Штази білгенін өз халқына қысым көрсету үшін қолданды.
Штази орталығына шабуыл Jan Kornas © wir-waren-so-frei.de Азаматтар мен феминистер Габриэле Штётцер, Клаудиа Богенхардт, Сабине Фабиан, Тели Бюхнер және Керстин Шёндерді іздерін жасырып үлгерген қылмыскерлерге деген ашу мен торығу билейді. Олар Эрфурттағы Штази ғимаратына бағытталған шабуылды басқарады және бұл іс одан соң Росток пен Лейпцигте жалғасын табады.
Алты аптадан соң, 1990 жылдың 15 қаңтарында жорамал бойынша Берлиндегі Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің – қазір Қауіпсіздік қызметі деп аталады – сақшылары қақпаларды ашып жібереді. Баспалдақпен көтерілген етіктердің дыбысы естіледі. Бірнеше минуттан соң режимге қарсы шыққан азаматтардың көз алдында көптеген құжаттар баспалдақта қабаттан қабатқа шашылып жатты. Олар сол сәтте Штазидің билікті асыра пайдаланушылығы мен өздерінің дәрменсіздік сезімдеріне қатысты қорқынышты күйді бастан кешкен еді. Сол дәрменсіздік күйге нүкте қойған ең алдымен полицияның жасырын құжаттамаларына деген Штази билігін тоқтатқан эрфурттық жас әйелдер болатын.

Штази орталығынан табылған ет-қазына Штази орталығынан табылған ет-қазына | © picture-alliance/ ZB | Thomas Uhlemann
Олардың, сондай-ақ Росток пен Лейпцигтегі және одан соң Берлиндегі шабуылға шыққандардың арқасында  қыстың сол күндерінде басқыншылық пен бақылаудың дәлелі ғана емес, сонымен қатар Штазидің қысымшылық көрсету құралы да болып табылатын құжаттамалар толығымен қағаз ұсақтағыш машинада немесе отта жоқ болып кетпей, сақталып қалды. Штази басшысы Эрих Мильке ондай бұйрықты 6 қарашада-ақ берген болатын. Ол құжаттар  ұсақталып, әріптер мен жолдарға бөлініп тасталса, Германия социалистік біртұтас партиясы басқарған мемлекеттің іс-әрекетінің жүйесі мен әдістерін ғана жасырып қоймай, қылмыскерлерге де бостандық сыйлар еді.                    
      
Штази орталығындағы олжалар Штази орталығындағы олжалар | © picture-alliance/ ZB | Thomas Uhlemann Штази орталығына басып кірген  шабуылшылар қағазға толтырылған  қаптарды ашып қарайды. Ет, жеміс-жидек пен қант және басқа да күнделікті тірлікке қажетті өнімдерді алу үшін жылдар бойы кезекте тұрып келген қарапайым азаматтар ол жерден аргентиналық сиыр еті секілді қолға түспес тауарлар тауып, Штази қызметкерлеріне арналған шаштараз салонын көреді. Сақталған деликатестер арасында абдыраған азаматтар жаңа дәуірдің келгенін ұғады.
Берлиндегі Министрлікті басып алу Эрфуртта басталған осы үлкен оқиғаның соңғы сатысы болған еді. Сол сәттерде дүниенің қалай аударылып, төңкерілгенін және жағдайдың қандай жылдамдықпен өзгеріп кететіндігін шабуылдың бірден-бір құрбаны көрсеткен еді: Зуль қаласында үміті үзілген Штази офицері өзін-өзі атып тастайды.
Штази орталығындағы шаштараз салоны Штази орталығындағы шаштараз салоны | © picture-alliance/ ZB | Thomas Uhlemann Штази орталықтарын бақылауға алған азаматтардан құралған комитеттер де құжаттамаларды не істеу қажеттігін білмеген еді. Құжаттарды жою жалғаса береді. 1991 жылдың соңында ғана Штази құжаттарына қатысты заң қабылданады. Енді ол құжаттар мұрағатта сақталатын болады. Штази құрбандары құжаттамалармен танысып,  ғылыммен айналысушылар оларды зерттей алады.
Штази орталығына шабуыл Штази орталығына шабуыл | Jan Kornas © wir-waren-so-frei.de Құжаттамаларға қол жеткізу адамдардың көзін ашты. Кімге сеніп, кімге сенбеуге  байланысты күмән енді жеңілдік немесе  түңілу сезіміне ұласты. Түбегейлі бетбұрыстың алдында Штазидің 190 000 «бейресми қазметкері» – өз достары, көршілері немесе оқушылары туралы Штазиге ақпарат беріп отырған адамдар – болған екен.
Қазан айындағы қуанышқа толы қайта қауышулар еркіндік сезімін сыйлаған соң кейбір кездесулер ескі жараның аузын да тырнайды. «Германия социалистік біртұтас партиясына жан-тәнімен адал болған адамдар банк кассаларынан берілген құттықтау түріндегі 100 марканы алдымен алуға асыққандардың ішінде болды», - деп еске алады Марио Рёллиг.  
 

Миграция және жаңа көздердің ашылуы

 
Берлин қабырғасы толығымен ашық. Қысқы қала суретін қоштасу мен жаңа өмірдің қоспасы көмкергендей. Рождество мейрамына дейін 200 000 астам ГДР азаматтары батысқа бет алады. Берлиндегі Мариенфельде қабылдап алу лагерінде адамдар иін тіресіп отыр. Ондағы адамдардың бәрі де лагерьдің лық толы екендігін және оның себебі ГДР-да жағдайдың одан ары нашарлай түсуімен қатысты екендігін жақсы біледі. Жетіспей тұрған жұмыс күшінің саны – 250 000. Ауруханаларда медбикелер мен дәрігерлер ауырған жандарға әрең-әрең қарап үлгеруде.
 
Ақпанның ортасында күн бірнеше күн  жаздағыдай шуағын төкті. Сол күндері Батыс Германияның көптеген тұрғындары Теодор Фонтаненің романдарынан ғана таныс жерлерге сапарға шығады. Олар Бранденбург маркграфствосын аралап, ойша Риббек мырзаның жетегінде Хавелланд өңіріндегі Риббекке қарай жол жүреді. Жолаушылар жол карталарынан атаулары сиқырлы естілетін қалаларды – Штёртебекер жанкүйерлері Штральзунд мен Висмарды, тарихты жақсы көретіндер Кведлинбург пен Гёрлицті, сонымен қатар, әрине, Лейпциг пен Дрезденді –  іздейді. Елдің күйі көптеген жандарға 1950 жылдарды еске салды. Ол баяғыда келіп қойған жаңа дәуірді күту үстінде тоқтап қалғандай күй еді. Ұлттық Халық армиясы казармаларының қақпалары көптен бері айқара ашық жатыр, солдаттар балық аулап жүр – «қарулы күштердің» бұрынғы қатаңдығының ізі де жоқ. Батыстан келген туристер үйлеріне асқазандары шұрылдай қайтты, өйткені қыс мезгілінде ашық аз ғана кафе, ресторан мен елді мекендердегі кішірек қонақүйлер апта соңында шұбырған қонақтарды түгел қабыл алуға дайын емес болатын.  
«Дәл сол сәтте арал кейіптегі Батыс Берлинде жағдай жақсы еді. Алғашында басымды ауыр, мұңды ойлар  торлады – енді жаңа дәуір басталады. Бірақ үлкен жарлықтарсыз-ақ аз уақыттың ішінде қатарынан көп нәрсе өзгеріп сала берді.» Шығыс Берлиннің орталығындағы қирап қалған үйлерде алғашқы клубтар пайда болды. «Маңызды рұқсаттарсыз-ақ көп нәрсеге мүмкіндік туды. Тоқырауда өткен 28 жылдан кейін еркіндікті тойлау қолға алынды. Батыс Берлинде де. Өмір онда да оқшау түрде өткен еді ғой. Ал Шығыста жағдай одан көп нашар еді. Бір сәтте бәрі де өзгеріп сала берді! Енді өз өміріңді өз қолыңа алатын кез келген-тін.»
Бұрын адамдар бір мемлекетте «Монополия», екіншісінде «Бюрократополияны» ойнаған болса, енді Tresor секілді клубтарда ешқандай құжаттамаларсыз және коммерциясыз-ақ кештіктер өтіп жатты. Бір кезде пәтерлерде де сыра барлары пайда болды, бірінші қабаттағы тұрғындар терезелерінен сыра шөлмектерін сата бастады. Жаңа он жылдық Шығыс Берлиннің орталығындағы қираған үйлерге қайтадан жан бітірді. Кезіндегі шекарадан бірнеше қадам қашықтықта жатқан үйінділер мен тұтынудан қалған ескі үйлер тоқырау дәуірінің символынан жаңа істер ашуға болатын орындарға айналып жатты. «Ол кездегі клубтық салт барысында ойда экономика, тұтыну немесе жылдам ақша табу емес, тек жаңа істерді бастап көру мен еркіндікті тойлау болған еді.»
   Шығыс Берлиндегі кештік, 1990 ГДР біртіндеп ыдырап жатқанда, Берлинде кештіктер алаңы өсе түсті. | © picture-alliance ZB Manfred Uhlenhut Марио Рёллиг те қайтадан қосылуды жақтаушылар қатарынан болатын. «ГДР-дан қашуым сәтсіздікке ұшырап, Хоэншёнхаузендегі мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлеріне қамауға алынған кезімде «Жүйе өз ақырына таяды» деген ойға қалдым.» Бірақ ол сол көктемде шығыс берлиндіктермен тілектестік сезімі жоғалғаны және оның енді қайтып келмейтіні туралы әңгімелейді. Түрлі сезімді бастан кешсе де, Марио Рёллиг Батыс Берлиндегі жаңа өмірі үшін қуанышта еді. Ол қабырға құлаған соң өзінің жеке өмірі мен еңбек жолына назар бөледі. «Әр адам алдымен өз қамын және ары қарай қалай өмір сүруі қажет екендігін ойлауға тиіс болды.» Арада жылдар өткен соң ғана мектептегі достармен және 80 жылдарда Берлинде оның гомосексуалды еркек ретіндегі жағдайын көріп, білген адамдармен орын алған кездесулер ескі сезімдерді қайтадан жаңғыртады. «Біз түрлі шаралар, әдеби кештер, пікірталастар мен фильмдерде жүздесіп, бір кездегі оқиғалар туралы әңгімелесетінбіз. Фирмалар жабылып қалғандықтан, менің көптеген достарым мен олардың отбасылары үшін тіршілік көзі жойылып қалды. Олар ең алдымен тірлік қамын жасауға тиіс болды. Бұл жаңа қоғамның суық қырын да танып, білген көп адамдар үшін өте ауыр және қайғылы үдеріс болған еді.» Марио Рёллиг кейбір адамдардың ондай сезімдерінің шетелдіктерге деген өшпенділік сезіміне ұласып кеткені туралы әңгімелейді: «Олар Германияда орын теуіп, ары қарай да сонда қалғысы келген вьетнамдықтардың жағдайы немістерден артық болып кетер деп қорықты». Арада бірнеше жыл өткенде баспасөз беттерінде біріккен Германияның өте қайғылы суреттері –   газеттердің бірінші бетінде отқа оранған босқындар жатақтары – жариялана бастаған еді.

Жаңа еңбек жолы және ескі борыштар 

Рёллигтің ата-анасының бұрынғы көршілері – ГСБП органдарының қызметкерлері аяқ астынан ұйым жетекшісі немесе бөлім бастығы болып шыға келеді. «Ішкі істер бөлімінде жұмыс істеп, елден шығу туралы өтініштерді кері қайтарып тұрған бір әйел бір қарағанда Трептов-Кёпениктегі еңбекпен қамтамасыз ету орталығының басшысы бола қалды. Құдайға шүкір, оны көп адам танып қойғандықтан, қызмет орнынан босатылды. Әйтсе де Штази тыңшысы болған басқа да көптеген адамдар бейресми байланыстары немесе тамыр-таныстары арқылы жаңа елде жақсы орынға отырып, қалалық кеңеске мүше немесе тіпті Бундестагта депутат болып алды!»
90-жылдардың басында Марио Рёллиг өз жағдайына көңіл бөліп, 90-жылдардың орта тұсында Берлиндегі Батыс сауда үйінде ашылған сигара бөлімінің сатушысы кәсібін оқып, меңгереді. «Жалпы алғанда, бәрі дұрыс болатын. Мен сол кезде Берлиндегі СПИД-пен ауыратындарға көмек орталығында істейтінмін және кәсіподақ мүшесі болатынмын. Бірақ саяси тұрғыдан алғанда белсенді емес болатынмын. 1989/90 жылдардан кейін де қайта қосылған Германияда кезіндегі үлгілі  коммунистердің қайсысының қандай мәнсапқа ие болғаны туралы басымды ауыртпадым.» Ол жайт Марио Рёллиг үшін ауыр болғанға ұқсайды.   
Десе де махаббаты үшін және шектеулілік пен тоғышарлықтан болып ГДР-дан қашқан шағы есінде жақсы сақталыпты. Қолға түскен шағы туралы көптеген естеліктерді ол жадынан шығарып үлгерген. «1999 жылдың 17 қаңтары әбден есімде. Таңертең жұмысқа келдім: KaDeWe сауда үйінің алтыншы қабаты, сигара сататын киоскімді аштым. Кенет алдымда күнге күйген, жасы қырықтардан асқан, баран түсті костюмі бар ер адам тұрды. Алғашында бір әйгілі тұлға екен деп қалдым. Бірақ келесі сәтте-ақ оны танитынымды ұқтым. Көзімнен жұқа қабат сылынып түскендей сезімде болдым: ол он екі жыл бұрын 1987 жылы Хоэншёнхаузендегі түрмеде айлар бойы мені жауапқа тартып, қорлап, психологиялық тұрғыдан азапқа салған Штази офицері еді! Оны таныған сәтте түрім бозарып, аппақ қудай болып, дірілдей бастадым.» Офицер Марио Рёллигті танымапты. «Сол сәт мен үшін шайтанның көзіне қарағанмен бірдей болды. Оған дейін сол офицер секілді біреуді көрсем пистолетті қай жеріне тақар едім деп жиі ойланатынмын. Ондайды ойлауға немесе армандауға болады, бірақ жасауға болмайды, әрине.» Ал сол жайт іс жүзінде орын алғанда, Марио Рёллигтің басына мүлде басқа ойлар келді: «Ол соған лайық болғандықтан, бетінен тартып жіберейін». Екінші жағынан, «Онда жұмысымнан айырылып қаламын. Оның бетінен бір тарту маған бір сәттік қана қанағат сыйлағаны болмаса, өткен шақпен қатынасымды шешуге толық көмектеспейді» деген ой келді. Әйтсе де Рёллигтің офицердің қазір қандай ойда екенін білгісі келеді. «Оған дейін мен ол тақырыппен мүлде айналыспаған едім. Және өз құрбандарынан кешірім сұраған  ешкімді білмейтінмін.»   
  KaDeWe сауда үйі KaDeWe-де Марио Рёллиг Хоэншёнхаузен түрмесінде өзін психологиялық тұрғыдан азапқа салған Штази офицерін кездестіреді. | © picture alliance / dpa | dpa Ер адам кете бергенде, Марио Рёллиг өзінің азаптаушысын жеңінен тартып, «Кешіріңіз, біз таныспыз ғой!» дейді. «Иә, қалайша?» «Сіз Берлин Шёнхаузен түрмесінде Штази офицері болғансыз.» Рёллиг былай деп еске алады: «Оның жайдары жүзі әп-сәтте қуарып сала берді. «Сонымен, менен енді не қажет сізге?» деді. Маған ешкім көмектеспеді. Сауда орталығындағы адамдардың өздерінің де естері шығып кеткен болу керек. Мен оған өзімнің кім екенімді, 1987 жылы ГДР-ден қашқым келгені үшін тұтқындалып, оның мені жауапқа тартқаны туралы айтып бердім. Оның ойынша қашу әрекетім арқылы отанымды сатыппын-мыс. Офицер мені екіден сегіз жылға дейін түрмеге жапқысы келген еді. Бір кезде ол дауысын көтеріп, «Түрмеде себепсіз отырмағаныңды әлі күнге дейін ұқпағансың ба? Мен сенен не үшін кешірім сұрауым керек? Өкініш – балалардың қылығы» деп айғайлады. Содан соң бұрылды да, кетіп қалды.
 
Сол сәтте Марио Рёллиг оған дейін бойыма сіңіріп, қабылдап үлгердім деп ойлаған оқиға қайта жаңғырды: «Жүрегімнің түбінде тығылып жатқан екен». Ол дәлізге шығып, айғайға басады. Сауда үйінің медбикесі оған тыныштандыратын дәрі беріп, үйіне қайтарады. «Үйде шынымен қатты ауырып қалдым. Ұйқының дәрісінен мөлшерінен асыра қабылдадым. Сол кеште кездесеміз деп келіскен досым мені босап қалған дәрі қораптарының арасынан тауып алыпты. Ауруханада есімді жиғызды. Бірақ менде өмірге деген ешқандай құлшыныс қалмаған еді. Себебі мен өзіме «Біздің біріккен Германияда ана Штази офицері сияқты адамдар сондай жақсы өмір сүріп жатса, қажеті қанша?» деген сұрақ қойдым. Рёллигтің дәрігерлермен сөйлескісі келмейді. Жеке басында да, жұмыста да бар ісі қалыпты секілді көрінетіндіктен, олар жас жігітке қандай көмек беруге болатынын білмейді де. Оның ата-анасымен әңгімелескен кезде ғана бас дәрігер Марио Рёллигтің жас кезінде «қашқын» ретінде Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің Хоэншёнхаузен түрмесінде болғаны туралы естиді. «Ол менің жанымда терең жара бар екенін ұғып, білді. Менің палатама сол ескерткіштің үнпарағын алып келгендей болды: «Жігітім, сен егер бұдан былай өмір сүргің келмесе, олардың кезіндегі көздеген мақсаттарына жеткені болмақ. Әрбір адамға демейін, бірақ сен үшін сол жерге барып, басыңнан кешкен оқиға туралы айтып берсең, жеңілдейтін боласың». Сол кеңесті орындап келе жатқаныма жиырма жылдан асты», - дейді Рёллиг.

Батыстық өнімдер 

Ағаштар ақырын бүршік жарып, қаланың сұр кейпіне көктем жан бере бастаған кезде ГДР-дың болашағы әлі бұлыңғыр еді. ГДР «үшінші бір жолды таба» ала ма, яғни, жақсырақ социализм құра ала ма? Құруға тиіс пе?
Шекарадағы бақылау бекеттері жойылғандықтан, көптеген батыстықтар Шығыста арзан және қауіпсіз саудаға қол жеткізді. Батыс маркасы мен шығыс маркасы арасындағы ресми курс 1:1, кейінірек 1:3 болды. Ал қара базардағы курс 1:10 еді, тіпті одан да төмен табылатын. Шығыстық немістер де Батыстан да қымбат тұратындығына қарамастан, өздерін құнды тұтыныс тауарларымен қамтамасыз етті. Олар өздерінің жылдар бойы тер төгіп еткен еңбегінен жинаған ақшалары өз құнын жоя ма деген қорқынышта болды. Батыстық тауарлар әлеміне жол ашылды, бір заттың алуан түрлі фирма жасаған мыңдаған түрі бар. Аса қажет те емес, дегенмен аңсауға толы және ұзақ кезекте тұрған жылдарға берілген қарама-қайшы жауап еді бұл. Батыстың өнімдерін қалау сезімінің күштілігі сондай, ГДР-дың тауарлары сапасыз әрі ұнамсыз саналды. ГДР экономикасы сол кезде құлаудың алдында ғана еді.

Супермаркеттегі екі әйел Шекарадағы бақылау бекеттері жойылған соң көптеген батыс германиялықтар ГДР-да, ал шығыс германиялықтар ГФР-да сауда жасайды. | © picture alliance / ddrbildarchiv | Manfred Uhlenhut Жаңа кезең тұтыныс пен ақша мәселесінде де көрініс тапты:  Батыс Германияның банкілері уақытша контейнерлерде жаңа филиалдар аша бастады. Алғашқы саудагерлер Батыстың маркасына түрлі-түсті тропикалық жемістер ұсынды; олармен бояуы көктемгі күннің шуағында жалтыраған және сызаттары қызықты оқиғалар мен еркіндіктен хабар беретіндей көрінетін қолданылған автокөліктер бәсекелеседі: кенет ынтаны тартқан заттарда олардың құны жазылған бағалықтар пайда болды. Марио Рёллиг Берлин қабырғасы құлағаннан кейінгі алғашқы айларда орын алған тұтыныстық қарым-қатынастарды саяси көзқарастардың көрініс табуы деп біледі. Олар батыстық жүйені қалайды. Адамдар аңсау мен қиналыс сезімдерін тұтыныс қоғамындағыдай – мәселен, 1950 жылдардан бері ГФР-дағы секілді – сатып алуға деген құмарлықтары арқылы басты.           
 
ГДР азаматтарының наразылықтары  ГДР-дың көптеген азаматтары валюта одағына қарсы болды. | © picture alliance Wolfgang Weihs | Wolfgang Weihs Шығыс пен Батыстың халқы сол кезде орын алған түсініксіз әрі мемлекеттік басқару органдары дәрменсіз болып қалған жағдаятта пайда көріп қалуға тырысты. «Польша базарында» айлар бойы поляк саудагерлер тауарларын жайып, батыс берлиндіктер Шығыс Берлинде сауда сатып алу үшін қара базардағы тиімді марка курсын пайдаланды. Автокөліктерге жанармай құю бекеттері мен сауда үйлеріндегі сөрелер бір сәтте қаңырап бос қалғандықтан, жаңа жарлық шығады: ГФР азаматтары тауарларды тек батыстық маркаға сатып ала алады, қаңтарда кәсіпкерлік еркіндігі енгізіліп, мүлікті басқару мекемесі орнайды. Оған кәсіпорындарды жекешелендіру немесе тарату арқылы мемлекеттік экономика саласын нарықтық экономикаға айналдыру міндеті жүктелген еді. Ол қадам бүгінгі таңға дейін даулы болып саналады.Тіпті бүгінгі таңға дейін әсері сезіліп отырған көптеген әлеуметтік айырмашылықтар мен проблемалардың  себебі сонда жатуы әбден мүмкін. Ал ГФР керісінше ақшаның ағымы мен адамдардың батысқа ағылуын тоқтатуға тиіс валюта одағына көңіл бөледі. Дүйсенбілік демонстрацияларға арналған «Неміс маркасы келсе, біз қаламыз, ал егер келмесе, біз оған барамыз» деген ұран жазылған транспаранттар ендігі нақтылыққа сай келгендей болды. Тұтынысқа деген құлшыныс саяси үдерістердің дамуына серпін берді – біз біріккен мемлекетті қалаймыз.

 Сорпаға толы супермаркет сөресі Сорпаның молшылығы: кейбір шығыс германиялықтарға Батыстың супермаркеттеріндегі молшылық тым артық сезілген еді. | © picture alliance ZB ddrbildarchiv Ортақ іс 

Өзгерістер барысында нақтылық, адамдардың ойлары мен күнделікті тіршілігі партиялар көзқарасынан асып түсетіндігі белгілі болды. Шығыстық және батыстық топтар мен ұйымдар пікір алмасқысы келеді. Ал партиялардың немістің қос мемлекетінің болашағына қатысты ойлары әртүрлі еді: ГСБП орнын басқан Демократиялық социализм партиясы ГДР-дың тәуелсіздігін қолдап, ГДР үшін «үшінші жолды» табуға шақырады. ГДР-да одан басқа да партиялық плюрализмді қолдаған, бірақ парламентте өз бетімен билік көрсете алмаған блоктық партиялар болды. Олар батыстан серіктес ретінде бірге жұмыс істегісі келген партияларды табады. Еркін демократиялық партиясы екі либералдық партияға қолдау көрсетсе, Шығыстағы Христиан демократиялық одағы Батыстағы әріптесімен ынтымақтасады. 1990 жылдың ақпанында азаматтық қозғалысты жақтаушылар «Одақ 90» құрды. Олар ГСБП жүйесіне қарсы күрестегі өздерінің зор еңбегінен кейін ГДР-дың тәуелсіз мемлекет ретінде демократиялық жолға түсетініне үміт артады. Олардың сол себептен де Батыстан серіктес іздемегені түсінікті.

Халық палатасының сайлауы, 1990  1990 жылдың наурыз айында ГДР-да алғашқы демократиялық сайлау өтті | © picture alliance / zb | Eberhard Klöppel Бірнеше айдың ішнде біраз маңызды оқиғалар бірінен кейін бірі орын алады: Берлин қабырғасының құлауы, «Екі қосу төрт» сұхбаттары, ГДР маркасының жылдам құнсыздануы. Берлин қабырғасының екі жағындағы тоқырау мен өткен олқылықтардың орнын толтыру үшін уақыт соңғы он жылдықтарға қарағанда, кенет екі немесе үш есе жылдамдықпен жүре бастағандай еді. Тіпті Халық палатасының сайлауы да өз уақытынан ерте мерзімге, 1990 жылдың 18 наурызына белгіленеді. Кейін ол  ГДР-да демократиялық қағидаларға сай өткен алғашқы және соңғы сайлау ретінде  тарихта қалды: онда сайлаушыларға алғаш рет расында да таңдау мүмкіншілігі ұсынылған еді, бұрынғыдай «кандидаттардың бірыңғай тізімі» болмады, олар бір-біріне қарсы бәсекеге түсті. Сайлауға қатысушылардың үлесі 93,4 % құрағанын утопиялық сипатқа жатқызуға болар еді – мұндай белсенділік әдетте сайлау тек қана бергі бетін құрайтын мемлекеттерге тән. Десе де бұл жолы адамдар сайлау бюллетеньдерін салатын жәшікке қарай сеніммен немесе жаңа қоғамды бірге жасасуға деген ынтамен ұмтылды.                      

«Екі қосу төрт» келісім-шарттары 

Халық палатасының сайлауының өз уақытынан ертерек мерзімге белгіленуі жеңіске жетуші елдерге алдағы уақытта Германияның қайтадан бірігетіндігінен хабар берді. Екінші дүниежүзілік соғыстың АҚШ-тан басқа жеңіскерлері бұған шүбәмен қарайды – Германия қайтадан Еуропаның дәл ортасындағы зор державаға айналмақ па? Ол жөнінде Маргарет Тэтчер өз ойын былай білдірген еді: «Қайтадан біріккен Германия тым үлкен әрі тым қуатты болмақ». Берлин қабырғасы құлай сала француз президенті Франсуа Миттеран Германияның қайтадан қосылуына қатысты өзінің күмәнін «құқықтық және саяси тұрғыдан мүмкін емес жайт» деп сипаттайды. Сол күндерде Берлиннің төбесін тек жаңа өмірге қатысты көңіл-күй ғана емес, биліктің қайтадан бөлінетіндігін ұғыну сезімі де көмкерген еді. Өйткені қос неміс мемлекеті суық соғыс жүйесінің бір бөлігі болатын. Кеңес Одағы әсіресе, біріккен Германия мемлекетінің НАТО-ға ілесетіндігі жөніндегі ойды сынға алады. Бірақ 1990 жылдың 10 ақпанында бәрі де өзгереді: Горбачёв Хельмут Кольмен өткен кездесуде елдің қайтадан қосылуына өзінің келісімін береді.

Содан бірнеше ай бұрын 1989 жылдың 7 қазанында демонстранттар Горбачёвқа Германияда да бағыттың өзгеретіні туралы хабаршы ретінде үміт артқан еді. Олар « Горби, Горби, көмектес бізге!» деп айғайлаған, бірақ Горбачёв аттанып кете сала, демонстрация қатыгездікпен басылған болатын. Енді арада бар болғаны бірнеше ай өткенде, жол ашылып, «Екі (екі неміс мемлекеті) қосу төрт (екінші дүниежүзілік соғыстың төрт жеңіскері)»-сұхбаттар басталды.  

Сол сұхбаттардың нәтижесінде туған келісім-шарт Германияға толық ынтымақтастық танытады, жеңіскер мемлекеттер біріккен елге деген арнайы құқықтарынан бас тартады. Қос неміс мемлекеті 1945 жылы тартылған шекараны мойындайды. Әсіресе, Батыс Берлин халқы еркін тыныстады. Өйткені Батыс пен Шығыста орналасқан орташа қашықтыққа арналған ракеталардан болып Батыс және Шығыс билігінің мүмкіншіліктері ұдайы олардың көз алдында еді.

Рейхстагтың алдындағы той ГДР-дың көптеген азаматтары үшін елдің қайтадан бірігуі молшылықты білдірді, әйтсе де экономикалық өзгеріс өзімен бірге біраз талаптарды да ала келді. | © picture alliance/ dpa | dpa Шілденің басында ішкі шекарадағы адамдарды бақылайтын бекеттер де жұмысын тоқтатады. Көптеген адамдар шекараны 45 жыл бойы болжамдармен, тыйымдармен және азаптармен байланыстырып келген-тін. Енді ол ГДР-дың ашылу үдерісінің жалғасының белгісіне айналған еді. Бұл оқиға экономикалық, валюталық және әлеуметтік одақтардың құрылуымен қатар орын алды. Одан соң жылдамдық арта түсті: ГДР Батыс Германияның экономикалық және құқықтық жүйесінің көп бөлігін, сонымен қатар әлеуметтік сақтандыру жүйесін де қабылдайды, неміс маркасы – жалғыз ғана төлем құралы болды. Қыркүйектің соңында ГДР Варшава шарты мен Кеңес Одағы басқаратын социалистік елдердің әскери одағынан шығады. Одан кейін Бірігу келісім-шартына қол қойылады. Жаңа федералдық жерлер саясаткерлер Екі қосу төрт - келісім-шартына қол қоярдан екі аптадай уақыт бұрын  конституцияға қосылады.

Ресми қосылудың алдында 1990 жылы қазанның 2 жұлдызы күні Халық палатасы соңғы рет бас қосады. Палата құрылғаннан бері өткен 181 күнде Германияның қосылуы үшін белсенді қызмет етті. Болашаққа деген оң көзқарасына бола оған лайықты баға берілген еді. Іс соңына дейін әлі жете қоймаса да, сол кездің өзінде жеңілдік сезімі үстемдік құрды.

Қазанның үшінші жұлдызында Германия қайтадан бірікті.

Елдің алдында енді экономикалық, әлеуметтік және экологиялық сипаттағы міндеттер – олардың шешімін Шығыс Германияның көптеген азаматтары басқаша елестеткен болатын – тұрған еді. Қазан айының басындағы сол бір кеште күмәндар сейілді.

Жеңілдік сыйлаған қайта қосылу үдерісі Германияның өз ішінде жаңа экономикалық динамикаларға басталу мүмкіншілігін ұсынды. Және оларда Марио Рёллигтердің өмірбаяндарына басқаша мазмұн үстеліп, басқаша баға берілуге және қоғам жаңа ортақ құндылықтарды іздеуге тиіс еді.

Рёллиг уақыт куәгері ретінде өзінің жұмысы туралы да әңгімелейді: «Қазір мен сапарға көп шығамын: университеттерде, мектептерде баяндама жасаймын, сондай-ақ алуан түрлі мекемелерде боламын. Мұны кезінде басымнан өткен әділетсіздікке деген менің кегім деуге де болады: бүгінгі жақсы өмірім – сол қорқынышты естеліктердің қайтарымы». Сәл үнсіздіктен соң ол былай деп қосты: «Бірақ тым жиі емес, әйтпесе, адам сол түрмеден шыға алмай қалар еді».                                    

Тұрғындар Берлин қабырғасына шығып, билегеннен кейін бір жылдан соң Германия қайтадан біртұтас мемлекетке айналды. Бірақ елдің қайтадан бірігуі бір кездегі ГДР-дегі Хоэншёнхаузен түрмесінде болған тұтқын үшін қандай сезімдер әкелді? Штази орталығындағы Аргентина стейкі, күтпеген кездесу мен Берлин клубтары туралы.