Фильм
Карл Шёнфельдтің онлайн-воркшобы

Карл Шёнфельдтің онлайн-воркшобы
@Carl Schönfeld

22 қыркүйекте неміс киносарапшысы Карл Шёнфельдтің (Carl Schoenfeld) Kazakh producers go global онлайн-воркшобы басталған болатын. Қазақстандағы Гёте-Институт пен Мемлекеттік ұлттық киноны қолдау орталығы ұйымдастырған іс-шараға қатысушылар еуропа кино өндірісінің ерекшеліктерімен, оның құқықтық аспектілерімен танысты, оларға қаржыландырудың мүмкіндіктері және продюсерлік жасаудағы жеке таныстықтың маңыздылығы мысал түрінде көрсетілді. Жас режиссерлер, сценаристтер мен продюсерлер алған білімдерін пайдаланып, воркшоптың соңғы күні - 13 қазанда болған питчингке өз жобаларын дайындады.
 

Фильмдердің презентациясы жайлы Карл Шёнфельдтен басқа питчингке арнайы шақырылған германиялық продюсер Дагмар Нихаге де (Dagmar Niehage) өз ойын білдірді.  Дагмар – өзінің жеке Dagstarfilm https://dagstarfilm.de/en/dagstarfilm кино өндіруші компаниясының басшысы. Ол көрсетілген жобалардың, расында да, қызықты және кәсіби деңгейде болғанын, ал қатысушылардың мықты дайындықпен келгендерін ерекше  ризашылықпен баса айтты.

Питчинг те, негізінен, бүкіл воркшоп сияқты, ағылшын тілінде өтті, ол тілдің фильмдерге халықаралық деңгейде жол ашудағы маңызды рөлін Шёнфельд мырза воркшоп барысында бірнеше рет атап айтқан-тын. Қатысушылар неміс киносарапшысымен еркін пікір алысып, болашақта өз жұмыстарын дамыту үшін қажетті және пайдалы едәуір ақпарат алды.

Онлайн-сабақтар топтамасы 15 қазанда Zoom қосымшасында өткен Ethics in Storytelling ашық дәрісімен аяқталды. Карл Шёнфельд қатысушылармен шығармашылық адамдарының жауапкершілігі жайында, сол сияқты, көркем шығарманы жасауда, оның ішінде киноиндустрияда туындайтын қарама-қайшылықтар жайлы пікірлесті. Заманауи БАҚ, кино, теледидар, Интернет өз өнімдерінің көрермен қауымға қаншалықты әсер ететінін ескеріп, оның салдарының қандай болатынын алдын-ала болжап білуге тиіс пе? Жалпы қоғамда қалыптасқан қандай этикалық нормаларды сақтаған жөн? Мысалы, киностудиялар қазіргі таңда көміртегі ізі жайлы есеп берулерді шығаруға, сол сияқты өз жұмыстарында гендерлік теңсіздік, сексуалдық дәмешілдік, нәсілдік әділетсіздік, т.с.с. мәселелерді ескеруге мәжбүр. Киносарапшының осы және басқа да заманауи мәселелерді қозғаған дәрісінің ағылшын тіліндегі бейнежазбасына мына сілтеме арқылы өтуге болады:  https://drive.google.com/file/d/1TdCS74byBZFlicAnF065rFoOErNfiUp1/view?usp=sharing

Ақпарат үшін: Карл Шёнфельд кино индустриясында және теледидарда отыз жылдан артық еңбек еткен, тәжірибесі мол. Оның BBC, Channel 4 / Film 4 және BFI-мен жасаған жобалары жаңа технологияларды қамти отырып, жаңа жұмыс үдерістерін енгізумен қатар, оларға қатысқан талант иелерінің халықаралық деңгейдегі мансабына жол ашты. Карл «Бауырым Том» фильмінің жұлдызы Бен Уишоуға продюсер болып, режиссер Эдгар Рейцпен «Отан III» сериалын шығарды, Tall Stories үшін көркемфильдер сериясын түсірген және Raindance Rawtalent үшін Raindance өндірісі бойынша бөлім ашты. Оған қоса, Саймон Рамлидің «Өлгендер мен тірілер» фильміне продюсерлік етті. Киноиндустриядағы тәжірибесі мол маман ретінде ол фестивальдарда, киномектептер мен оқу орындарында, сол сияқты Еуропа, Азия елдеріндегі және Кариб бассейніндегі бірлескен өндіріс нарықтарында сөз сөйлеуге ұдайы шақырылады. Ол - BAFTA-ның дауыс беруге құқылы мүшесі, Largo.ai фильмдері өндірісінің швейцариялық стартапының продюсер-кеңесшісі және Оксфордширдегі ScreenTalk-тың негізін салушы. Оған қоса, Карл Британия киноинститутында және Оксфорд университетінде сценаристикадан дәріс оқиды, сол жерде суретшілер мен зерттеушілердің шығармашылық қауымдастығын басқарады. Студенттерінің жұмыстары BBC, Netflix-те, Ұлыбритания, АҚШ, Ресей және Германия кинотеатрларында, сондай-ақ көптеген халықаралық кинофестивальдарда  көрсетілген.

Dagstarfilm - Кельнде орналасқан балалар, жасөспірімдер және отбасылық фильмдер, сол сияқты, жоғары сапалы халықаралық көркемфильмдер мен жас еуропа киносына ерекше көңіл бөлетін деректі фильмдер шығаратын тәуелсіз киноөндіруші компания. Компания ел ішімен де, шет елдермен де жан-жақты байланыста. Компания басшысы, продюсер Дагмар Нихагенің АҚШ, Канада, Норвегия, Франция, Израиль, Дания, Литва, Италия және Ұлыбритания продюсерлік компанияларымен ынтымақтасып еңбек етуде тәжірибесі мол.