Фильм

Орта Азиядағы кино өнері © Диана Турсын

Орта Азиядағы кино өнері –ынтымақтастық мүмкіншіліктері

Қазақстандағы Гёте-Институт пен ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өкілдігінің арасындағы ынтымақтастық 2019 жылы Almaty Film Festival аясында басталған еді. Фестивальдің „Кинодағы әйелдер“ деп аталған дискуссиялық алаңына алуан түрлі елдерден келген режиссёрлар мен журналистермен бірге 2017-2020 жылдарда Қазақстандағы Гёте-Институттың директоры қызметін атқарған Ева Шмитт (2021 жылдың 1 сәуірінен бастап директор Фридерике ван Степхаудт) пен ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат та қатысқан болатын. 

Әңгіме қызу өтті. Сондықтан та пікірталас сол жылдың қараша айында Душанбе қаласында өткен Орта Азия өңіріндегі кино өнері индустриясына арналған дөңгелек үстел ауқымында өз жалғасын тапты.

Кино саласындағы жергілікті өкілдерге Гёте-Институт пен ЮНЕСКО-ның бірігіп қолдау көрсетуі кейінірек „Орта Азияның заманауи киносы“ жобалық жұмысында көрініс тапты. Жобалық жұмыстың басты серіктесі – өзбекстандық видео-өнерпаз Саодат Исмаилова. Кинорежиссёр әрі сценарист Парижде өмір сүреді. Саодат Исмаилова ЮНЕСКО-мен сондай-ақ кино өнеріне қатысты шығармашылық бойынша зерттеу және біліми проектілер аясында бірге жұмыс істейді.

„Орта Азияның заманауи киносы“ сұхбаттар топтамасын бастау мүмкіншілігі маған көптен бері ойлап жүрген мақсатымды, атап айтқанда, Орта Азия киногерлерінің ой-толғамдарын жазып алуды жүзеге асыруға жол ашты. Қазір бәріміз де танылу мақсатында өз мәдениетіміздің шегінен асып, алысқа ұмтылатын болып кеткендейміз. Ал аймақтағы қазіргі авторлық киноға бір мезет көз тастау жергілікті кинематографияның шынайы үнін қалыптастыруға нақты серпін беріп, халықаралық деңгейде берік танылуға әкеле алады. Киноортада жүргендіктен, жас буынның аймақтық кинематографияның тұтастығын түсініп, шығармашылық ізденіс пен дамудың ықтимал жолдарын танып-білуі үшін көрші елдердің киносы туралы жетпей жатқан білімін толықтырғың келеді“ дейді кинорежиссёр әрі сценарист. 

Саодат Исмаилова өзінің қазақстандық командасымен* бірге отандық киноиндустрияның танымал төрт өкілімен видео-сұхбат жасады. Кейіпкерлер қазақстандық кинематографияның ерекшеліктері, оның дамуы, өздерінің кәсіби ісі мен шығармашылықтағы жетістіктері туралы әңгімеледі.

Қазақстандағы белгілі заманауи кинорежиссёрлар мен сценаристердің бірі Дәрежан Өмірбаев сұхбатында кино өнері төңірегіндегі жағдайға қатысты өз ойларымен бөлісіп, ол үшін фильмдер түсірген кезде өз басынан өткен өмірлік тәжірибеге сүйенудің неге маңызды екендігі, идеялардың қалай туатындығы және өзінің іс-әрекетінің басты негізі не екендігі туралы сұрақтарға ашық жауап берді. Видео режиссёрдың „Жол“ фильмі кейіпкерінің өнер туындысының „көрермен қауым талғамы алдында» қаншалықты нәзік болатындығы, «себебі, өнер туындысының артықшылықтары мен кемшіліктерін бағалауға көмектесетін объективтік өлшемдердің жоқ“ екендігі туралы шынайы монологымен аяқталады.    

Режиссёр әрі сценарист Ерлан Нұрмұхамбетов Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде оқытушы болып қызмет етеді. Ол өзінің режиссураға келген жолын еске түсіріп, оған сараптама жасайды. Сонымен қатар өзінің студенттік шақта тек теорияға ғана емес, практикаға да ұмтылғаны және балалық шақта оған қандай фильмдердің өшпес әсер қалдырғаны туралы баяндап, бүгінгі таңда тапсырыс бойынша фильм түсіру өзіне жеңіл тие ме деген сұраққа жауап берді. 

Қазақстандық кинооператор, үздік операторлық жұмысы үшін Берлинале халықаралық кинофестивалінің „Күміс аю“ жүлдесін жеңіп алған Азиз Жамбакиев кинематографияға оны музыкаға деген махаббаттың алып келгені туралы сыр шертеді. Ол сонымен қатар фотографиямен де айналысқан екен. Сөйте тұра Азиз өз өмірін оператор жұмысымен байланыстырған. Өзіне ерекше кәсіби ықпал еткен екі тұлға ретінде кеңестік кинооператорлар С.П. Урусевский мен Г.И. Рербергті атайды. Азиз сұхбатта „Оператор – кино саласындағы ең күрделі кәсіптердің бірі. Себебі, оператор шығармашылық сипаттағы мәселелерді шешіп қана қоймай, көптеген техникалық сұрақтарды шешудің қажеттілігімен бетпе-бет келеді. Олардың бәрін шешу қасиетіне бірдей ие болу – оңай шаруа емес. Сондай-ақ ол кино жасау үдерісіне қатысушы барлық жанның еңбегі үшін жауапкершілік арқалайтын мамандық. Өйткені барлық істің ақырғы бекітілуі кинооператордың иелігіндегі киноаппарат арқылы жүзеге асады“.

Продюсер, Алматы кинофестивалінің атқарушы директоры Юлия Ким киноиндустриядағы өз жолын Дәрежан Өмірбаевтың 2012 жылы Канн кинофестивалінің „Ерекше көзқарас“ байқауына қатысқан „Студент“ фильмінен бастаған екен. Оның ойынша, кино жасау ісінің маңызды құрамдас бөліктері өнерпаздардың шығармашылық ынтымақтастығы, синергия және шынайылық болып табылады. Юлия Ким авторлық киноның ерекшеліктері мен оның Қазақстандағы жағдайы, сондай-ақ ірі кинофестивальдің бір басшысы ретінде өз қызметі туралы әңгімелейді.  
       
Видео-сұхбаттардың кейіпкерлерінің Орта Азияда киноиндустрияның болашақта нәтижелі дамуы үшін мемлекет тарапынан қолдаудың болуы, сонымен қатар аймақта өзіндік „киномектепті“ немесе біртұтас кинофондты құрудың қажет екендігі туралы ойлары бір арнада тоғысты. Олардың идеялары мен ұсыныстары жақын болашақта жүзеге асатынына үміт артамыз. Өйткені кино – бойына басқа да өнер түрлерін сіңірген, сананы қалыптастырып, тұлғалықты дамытатын ең маңызды өнерлердің бірі.
 
Түсірілім тобының мүшелері (суретте) – Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлектері:

Диана Тұрсын – жобалық жұмыстың режиссёры; Төмендегідей жобалық жұмыстар аясында тәжірибе жинаған: „Бизнесмендер“, „Көшбасшы жолы“, „Құсайыновтар“, „Каникулы off-line 2“, Халықаралық „Almaty Film Festival“.

Мейір Жакебай – оператор; қоюшы оператор Хасанбек Қыдыралиевтің шәкірті, төмендегідей жобалық жұмыстарға қатысқан: „Анаға апарар жол“, „Бизнесмендер“, „Көшбасшы жолы“, „Томирис“, „Боксёр“, „Қасым хан“ (режиссёр Ақан Сатаев), „Құсайыновтар”.

Данияр Абаев - екінші оператор.

Еламан Ақанбай – дыбыс режиссёры.

Режиссёр Диана Тұрсын былай дейді: „Біздің киноиндустрияның дамып, өркендеп, көрермен қауымның сапалы да жақсы кино көргенін қалаймыз, әрине. Сондықтан да белгілі өнер шеберлерінен сұхбат алып, одан „Орта Азияның заманауи киносы: Қазақстан“ бағдарламасын жасап шығару мен үшін және менің командам үшін үлкен олжа болды. Жобалық жұмыстың жүзеге асуы барысында бізге Саодат Исмаилова жетекшілік етті. Ол нағыз өз ісінің шебері. Тұрақты бағыт-бағдар беріп, сапалы туынды шығаруымызға көмектесті. Бізге артылған сенім мен өткен тәжірибеміз үшін Саодат Исмаиловаға, Қазақстандағы Гёте-Институтқа және ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросына алғысымызды білдіреміз“.
 
Видео-сұхбатты мына жерден таба аласыздар: 

Дәрежан Өмірбаевпен сұхбат

Ерлан Нұрмұхамбетовпен сұхбат

Әзиз Жамбакиевпен сұхбат

Юлия Киммен сұхбат