„Әлемді жақсарту“-ға қатысты мамандықтар игере алсақ, керемет болмас па еді? Бірақ өкінішке қарай бұл сонша оңай емес. Десе де Германияда бүгінгі таңда баяндылық саласында көптеген оқу бағдарламалары бар. Олар әлемді жақсарту мәселесімен айналысады. Таңдау да бар.
1. ЭКОТОКСИКОЛОГИЯ, КОБЛЕНЦ-ЛАНДАУ УНИВЕРСИТЕТІ
Жанармай бекеті аударылып қалса немесе фабрикада жарылыс болды делік: у қоршаған ортаға тарап кетсе, не болады? Ағылшын тіліндегі магистратура бағдарламасы химиялық заттардың табиғатқа тигізетін әсерімен айналысады. Ол қоршаған орта химиясын токсикологиямен, экологиямен, әлеуметтік ғылымдармен және қоршаған орта экономикасымен қосып оқытады. Оқу аяқталған соң студенттер үшін ғылыми мекемелер мен зерттеу институттарында, мемлекеттік ұйымдар мен министрліктерде, кәсіпорындар мен кеңес беруші фирмаларда қызмет істеу мүмкіншіліктері бар.
2. ЖАҢАРТПАЛЫ ЭНЕРГИЯЛАР, БИРКЕНФЕЛЬД ҚОРШАҒАН ОРТА-КАМПУСЫ.
Жаңартпалы энергиялар саласы – жел энергиясы, күн және биомасса – өркендеу үстінде. Сондықтан да бұл оқу бағдарламасының көздеген мақсаты – осы қызмет саласына қажетті техникалық, экономикалық, құқықтық және экологиялық білімді меңгерген болашақ инженер-экономистерді дайындап шығару. Оған қоса Қоршаған орта-кампусы электроэнергия мен жылуды толығымен жаңартпалы энергия көздерінен алатындықтан, әлемдегі жалғыз зиянды заттар эмиссиясынсыз кампус болып табылады.
3. ҚАУІПТІҢ АЛДЫН АЛУ / Hazard Control, ГАМБУРГ ҚОЛДАНБАЛЫ ҒЫЛЫМДАР ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІ
Табиғи апаттар немесе химиялық апаттар секілді қауіп-қатерлі жағдайларға жол бермеу үшін немесе ондай жағдай орын ала қалған кезде лайықты әрекет ете алу үшін біздің қоғам білікті мамандарға мұқтаж. Студенттер техникалық ғылымдармен қатар апаттардан қорғау, қауіп-қатер менеджменті және өрттен қорғауға қажетті іс-әрекеттерге бағытталған практикалық дағдыларды да үйренеді.
4. ҚОРШАҒАН ОРТА-ТАБИҒАТ ҒЫЛЫМДАРЫ, ФРАЙБУРГ АЛЬБЕРТ-ЛЮДВИГС УНИВЕРСИТЕТІ
Бұл оқу бағдарламасының мазмұны – су, жер, ауа, орман, ландшафт және адам қолымен жасалған қоршаған орта. Онда қоршаған орта биологиясы саласындағы оқу қоршаған орта химиясы, қоршаған орта физикасы және қоршаған ортаны қорғау құқығымен байланыстырылады. Студенттер кейін энергетикадағы бетбұрыс, әкімшіліктік және жеке бастық табиғат пен қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ жобалық ұйымдар мен өнеркәсіп саласында қызмет таба алады.
5. БАЯНДЫ АГРАР ҒЫЛЫМЫ ЖӘНЕ ДИЕТОЛОГИЯ / НУТРИЦИОЛОГИЯ, НЮРТИНГЕН-ГАЙСЛИНГЕН ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ҚОРШАҒАН ОРТА ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІ
Әлем тұрғындарының саны өсіп барады және олар тамақтанулары керек. Сондықтан да бұл оқу бағдарламасы жаһандық деңгейдегі тағамдық қауіпсіздікпен, климат өзгерісімен және қоршаған орта мен жан-жануарларды қорғаумен байланысты. Студенттер азық-түлік өнімдерін баянды түрде өндіру, өңдеу және бөлудің жолдарын, сондай-ақ бионегізді шикізаттар мен энергиялар іздестіреді. Қызмет ету мүмкіншіліктері азық-түлік өнеркәсібі, банкілер мен кеңес беруші фирмалар, сонымен қатар аймақтық, ұлттық және халықаралық деңгейде жұмыс істейтін ұйымдар мен мүдделі бірлестіктерден табылады.
6. БАЯНДЫ ДИЗАЙН, Ecosign / АЛЬФТЕР АЛАНУС ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІ
Жолшыбай ішетін кофеге арналған пластиксіз стақан немесе дамушы елдердің шағын өнері туралы болса да: бұл ертеңгі өнім және коммуникация дизайнерлеріне арналған оқу бағдарламасы. Студенттер Кёльн Ecosign Дизайн академиясымен бірлестікте бір жағынан дизайнерлердің жасампаз, қолөнерлік және эстетикалық біліктілігін оқып үйренсе, екінші жағынан оқу экологиялық, экономикалық, әлеуметтік және мәдени параметрлерді де қамтиды. Оқу бағдарламасы ақылы.
7. БАЯНДЫ ТУРИЗМ ДАМЫТУ, ХАЙЛЬБРОНН ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІ
Адамдар ешқашан дәл бүгінгі таңдағыдай мобильді болмаған еді. Әйтсе де сапар шегудің қоршаған орта мен қоғамға тигізер әсері орасан зор. Хайльбронн жоғары оқу орнында туризм бағыты бойынша оқитын студенттер көпшілікке арналған шаруашылық, менеджмент, география және құқықтану бойынша іс-шаралармен қатар баяндылық тақырыбына қатысты іс-шараларға да қатысады. Олар оқуларын тәмамдаған соң туризм одақтарынан, халықаралық көмек беру ұйымдарынан немесе ұлттық саябақтардың менеджмент бөлімінен жұмыс табады.
8. МӘДЕНИЕТАРАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯ, ХЕМНИЦ ТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Біз үнді әріптестерімізбен скайппен қатынасамыз, түскі үзілісте суши жейміз немесе Ыстамбулға іс-сапар барысында американдық музыка туралы әңгімелесеміз. Сонда біз қай мәдениетке жатамыз? Хемництегі оқу бағдарламасы барабарлықты жасаушы құрылымдармен байланысты. Студенттер мәдениет пен тілдің, дигитальды коммуникация мен мобильділіктің, сондай-ақ нәсілшілдік механизмдерімен танысады. Алуан түрлі мәдени салттарды саралау оларды халықаралық фирмалардың менеджмент немесе көпшілікпен жұмыс істеу бөліміндегі қызметтерге даярлайды.
9. ҚАЛА ЭКОЛОГИЯСЫ, БЕРЛИН ТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Ертеңгі тартымды қала қалай болады? Жасыл қалалар өмір сүруге пайдалы ғана емес, олар сондай-ақ ең алдымен болашаққа жарамды. Студенттер қала өркенін экологиялық тұрғыдан тиімді жасаудың және баянды қалалық жобалар дайындаудың мамандары болып шығуға тиіс. Ол үшін магистратурадағы оқу қоршаған ортаны зерттеуді жобалау ғылымдары мен қоршаған ортаға арналған техникамен байланыстырады.
10. ЭКОНОМИКА МЕН ЭТИКА / ӘЛЕУМЕТТІК БИЗНЕС, ФЕХТА УНИВЕРСИТЕТІ
Кедейшілік, жаһандық теңсіздік пен климат өзгерісі әлем тұрғындары үшін үлкен проблема болып отыр. Олар әлемдік нарықтардың әсерінен жақсарып бара жатқан жоқ, керісінше, күрделеніп барады. Фехта қаласында студенттер бизнес және экономика негіздерімен қатар кәсіпкерлік этикасы мен корпорациялық әлеуметтік жауапкершілікті де оқиды. Олар экономиялық ойлау мен әлеуметтік еңбекқорлықты байланыстыру арқылы жауапкершілік пен пайда табуға ұмтылысты өзара үйлестіруді үйренуге міндетті.