Тұрғындар Берлин қабырғасына шығып, билегеннен кейін бір жылдан соң Германия қайтадан біртұтас мемлекетке айналды. Бірақ елдің қайтадан бірігуі бір кездегі ГДР-дегі Хоэншёнхаузен түрмесінде болған тұтқын үшін қандай сезімдер әкелді? Штази орталығындағы Аргентина стейкі, күтпеген кездесу мен Берлин клубтары туралы.
Берлин қабырғасы толығымен ашық. Қысқы қала суретін қоштасу мен жаңа өмірдің қоспасы көмкергендей. Рождество мейрамына дейін 200 000 астам ГДР азаматтары батысқа бет алады. Берлиндегі Мариенфельде қабылдап алу лагерінде адамдар иін тіресіп отыр. Ондағы адамдардың бәрі де лагерьдің лық толы екендігін және оның себебі ГДР-да жағдайдың одан ары нашарлай түсуімен қатысты екендігін жақсы біледі. Жетіспей тұрған жұмыс күшінің саны – 250 000. Ауруханаларда медбикелер мен дәрігерлер ауырған жандарға әрең-әрең қарап үлгеруде.
Сол сәтте Марио Рёллиг оған дейін бойыма сіңіріп, қабылдап үлгердім деп ойлаған оқиға қайта жаңғырды: «Жүрегімнің түбінде тығылып жатқан екен». Ол дәлізге шығып, айғайға басады. Сауда үйінің медбикесі оған тыныштандыратын дәрі беріп, үйіне қайтарады. «Үйде шынымен қатты ауырып қалдым. Ұйқының дәрісінен мөлшерінен асыра қабылдадым. Сол кеште кездесеміз деп келіскен досым мені босап қалған дәрі қораптарының арасынан тауып алыпты. Ауруханада есімді жиғызды. Бірақ менде өмірге деген ешқандай құлшыныс қалмаған еді. Себебі мен өзіме «Біздің біріккен Германияда ана Штази офицері сияқты адамдар сондай жақсы өмір сүріп жатса, қажеті қанша?» деген сұрақ қойдым. Рёллигтің дәрігерлермен сөйлескісі келмейді. Жеке басында да, жұмыста да бар ісі қалыпты секілді көрінетіндіктен, олар жас жігітке қандай көмек беруге болатынын білмейді де. Оның ата-анасымен әңгімелескен кезде ғана бас дәрігер Марио Рёллигтің жас кезінде «қашқын» ретінде Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің Хоэншёнхаузен түрмесінде болғаны туралы естиді. «Ол менің жанымда терең жара бар екенін ұғып, білді. Менің палатама сол ескерткіштің үнпарағын алып келгендей болды: «Жігітім, сен егер бұдан былай өмір сүргің келмесе, олардың кезіндегі көздеген мақсаттарына жеткені болмақ. Әрбір адамға демейін, бірақ сен үшін сол жерге барып, басыңнан кешкен оқиға туралы айтып берсең, жеңілдейтін боласың». Сол кеңесті орындап келе жатқаныма жиырма жылдан асты», - дейді Рёллиг.
Батыстық өнімдер
Ағаштар ақырын бүршік жарып, қаланың сұр кейпіне көктем жан бере бастаған кезде ГДР-дың болашағы әлі бұлыңғыр еді. ГДР «үшінші бір жолды таба» ала ма, яғни, жақсырақ социализм құра ала ма? Құруға тиіс пе?
Шекарадағы бақылау бекеттері жойылғандықтан, көптеген батыстықтар Шығыста арзан және қауіпсіз саудаға қол жеткізді. Батыс маркасы мен шығыс маркасы арасындағы ресми курс 1:1, кейінірек 1:3 болды. Ал қара базардағы курс 1:10 еді, тіпті одан да төмен табылатын. Шығыстық немістер де Батыстан да қымбат тұратындығына қарамастан, өздерін құнды тұтыныс тауарларымен қамтамасыз етті. Олар өздерінің жылдар бойы тер төгіп еткен еңбегінен жинаған ақшалары өз құнын жоя ма деген қорқынышта болды. Батыстық тауарлар әлеміне жол ашылды, бір заттың алуан түрлі фирма жасаған мыңдаған түрі бар. Аса қажет те емес, дегенмен аңсауға толы және ұзақ кезекте тұрған жылдарға берілген қарама-қайшы жауап еді бұл. Батыстың өнімдерін қалау сезімінің күштілігі сондай, ГДР-дың тауарлары сапасыз әрі ұнамсыз саналды. ГДР экономикасы сол кезде құлаудың алдында ғана еді.
Өзгерістер барысында нақтылық, адамдардың ойлары мен күнделікті тіршілігі партиялар көзқарасынан асып түсетіндігі белгілі болды. Шығыстық және батыстық топтар мен ұйымдар пікір алмасқысы келеді. Ал партиялардың немістің қос мемлекетінің болашағына қатысты ойлары әртүрлі еді: ГСБП орнын басқан Демократиялық социализм партиясы ГДР-дың тәуелсіздігін қолдап, ГДР үшін «үшінші жолды» табуға шақырады. ГДР-да одан басқа да партиялық плюрализмді қолдаған, бірақ парламентте өз бетімен билік көрсете алмаған блоктық партиялар болды. Олар батыстан серіктес ретінде бірге жұмыс істегісі келген партияларды табады. Еркін демократиялық партиясы екі либералдық партияға қолдау көрсетсе, Шығыстағы Христиан демократиялық одағы Батыстағы әріптесімен ынтымақтасады. 1990 жылдың ақпанында азаматтық қозғалысты жақтаушылар «Одақ 90» құрды. Олар ГСБП жүйесіне қарсы күрестегі өздерінің зор еңбегінен кейін ГДР-дың тәуелсіз мемлекет ретінде демократиялық жолға түсетініне үміт артады. Олардың сол себептен де Батыстан серіктес іздемегені түсінікті.
Халық палатасының сайлауының өз уақытынан ертерек мерзімге белгіленуі жеңіске жетуші елдерге алдағы уақытта Германияның қайтадан бірігетіндігінен хабар берді. Екінші дүниежүзілік соғыстың АҚШ-тан басқа жеңіскерлері бұған шүбәмен қарайды – Германия қайтадан Еуропаның дәл ортасындағы зор державаға айналмақ па? Ол жөнінде Маргарет Тэтчер өз ойын былай білдірген еді: «Қайтадан біріккен Германия тым үлкен әрі тым қуатты болмақ». Берлин қабырғасы құлай сала француз президенті Франсуа Миттеран Германияның қайтадан қосылуына қатысты өзінің күмәнін «құқықтық және саяси тұрғыдан мүмкін емес жайт» деп сипаттайды. Сол күндерде Берлиннің төбесін тек жаңа өмірге қатысты көңіл-күй ғана емес, биліктің қайтадан бөлінетіндігін ұғыну сезімі де көмкерген еді. Өйткені қос неміс мемлекеті суық соғыс жүйесінің бір бөлігі болатын. Кеңес Одағы әсіресе, біріккен Германия мемлекетінің НАТО-ға ілесетіндігі жөніндегі ойды сынға алады. Бірақ 1990 жылдың 10 ақпанында бәрі де өзгереді: Горбачёв Хельмут Кольмен өткен кездесуде елдің қайтадан қосылуына өзінің келісімін береді.
Содан бірнеше ай бұрын 1989 жылдың 7 қазанында демонстранттар Горбачёвқа Германияда да бағыттың өзгеретіні туралы хабаршы ретінде үміт артқан еді. Олар « Горби, Горби, көмектес бізге!» деп айғайлаған, бірақ Горбачёв аттанып кете сала, демонстрация қатыгездікпен басылған болатын. Енді арада бар болғаны бірнеше ай өткенде, жол ашылып, «Екі (екі неміс мемлекеті) қосу төрт (екінші дүниежүзілік соғыстың төрт жеңіскері)»-сұхбаттар басталды.
Сол сұхбаттардың нәтижесінде туған келісім-шарт Германияға толық ынтымақтастық танытады, жеңіскер мемлекеттер біріккен елге деген арнайы құқықтарынан бас тартады. Қос неміс мемлекеті 1945 жылы тартылған шекараны мойындайды. Әсіресе, Батыс Берлин халқы еркін тыныстады. Өйткені Батыс пен Шығыста орналасқан орташа қашықтыққа арналған ракеталардан болып Батыс және Шығыс билігінің мүмкіншіліктері ұдайы олардың көз алдында еді.
Ресми қосылудың алдында 1990 жылы қазанның 2 жұлдызы күні Халық палатасы соңғы рет бас қосады. Палата құрылғаннан бері өткен 181 күнде Германияның қосылуы үшін белсенді қызмет етті. Болашаққа деген оң көзқарасына бола оған лайықты баға берілген еді. Іс соңына дейін әлі жете қоймаса да, сол кездің өзінде жеңілдік сезімі үстемдік құрды.
Қазанның үшінші жұлдызында Германия қайтадан бірікті.
Елдің алдында енді экономикалық, әлеуметтік және экологиялық сипаттағы міндеттер – олардың шешімін Шығыс Германияның көптеген азаматтары басқаша елестеткен болатын – тұрған еді. Қазан айының басындағы сол бір кеште күмәндар сейілді.
Жеңілдік сыйлаған қайта қосылу үдерісі Германияның өз ішінде жаңа экономикалық динамикаларға басталу мүмкіншілігін ұсынды. Және оларда Марио Рёллигтердің өмірбаяндарына басқаша мазмұн үстеліп, басқаша баға берілуге және қоғам жаңа ортақ құндылықтарды іздеуге тиіс еді.
Рёллиг уақыт куәгері ретінде өзінің жұмысы туралы да әңгімелейді: «Қазір мен сапарға көп шығамын: университеттерде, мектептерде баяндама жасаймын, сондай-ақ алуан түрлі мекемелерде боламын. Мұны кезінде басымнан өткен әділетсіздікке деген менің кегім деуге де болады: бүгінгі жақсы өмірім – сол қорқынышты естеліктердің қайтарымы». Сәл үнсіздіктен соң ол былай деп қосты: «Бірақ тым жиі емес, әйтпесе, адам сол түрмеден шыға алмай қалар еді».
Тұрғындар Берлин қабырғасына шығып, билегеннен кейін бір жылдан соң Германия қайтадан біртұтас мемлекетке айналды. Бірақ елдің қайтадан бірігуі бір кездегі ГДР-дегі Хоэншёнхаузен түрмесінде болған тұтқын үшін қандай сезімдер әкелді? Штази орталығындағы Аргентина стейкі, күтпеген кездесу мен Берлин клубтары туралы.