Қала мен ауыл
Ғаламтор қайда болса, үй сонда
Адамдардың ауылға немесе ауылдан қалаға көшіп жатқаны туралы хабарды тұрақты оқып немесе естіп жатамыз. Ал бұ көші-қон қаладан қашу ма әлде ауылдан ба – немістер расында да қай жаққа көшуде?
Қаладағы және ауылдағы өмір тақырыбына қатысты жаңалықтарға қарасаң, мақалалардың қарама-қайшылыққа толы екенін көруге болады: Неміс экономикалық зерттеулер институтының 2019 жылы жүргізілген зерттеу жұмысы немістердің барған сайын қаладан көшіп жатқаны туралы түйін жасапты. Ал оның Дрезден қаласында орын тепкен бөлімшесі бір жылдан кейін ауылда өмір сүретін халықтың үлесі 1871 жылдан бері ең төменгі деңгейге жеткені туралы хабарлаған. Бұл қалай болғаны сонда – адамдар ауылға көшіп жатыр ма әлде қалаға ма?
Жастардың ауылдық елді мекендерден қашуы
Германияның статистикалық ұйымдарының есебі бойынша Лейпциг, Майн жағасындағы Франкфурт пен Берлин – 2018 жылы тұрғын саны ерекше өскен немістің үлкен қалалары. Әрине, бұл таңқаларлық жайт емес, үлкен шаһардың мобилділік, мектеп, бала-бақша, әкімшілік пен медициналық қызмет бойынша инфрақұрылымы жақсы дамыған. Мәселен, Ішкі істер министрлігінің деректері Берлин, Гамбург және Бремен секілді қалаларда және ауданға тәуелсіз жекелеген қалаларда 100 000 тұрғынға 77–103 отбасылық дәрігерден келетінін көрсетеді. Ал Мекленбург-Алдыңғы Померания, Бранденбург, Бавария және Төменгі Саксониядағы адам аз қоныстанған елді мекендерде бұл көрсеткіш – 17–44. Әсіресе, 18-30 жас аралығындағы жастар үлкен қалаларға қоныс аударуда. Лейбниц атындағы Рейн-Вестфалия Институтының деректері бойынша олар 43 % көрсеткішпен ел ішіндегі мигранттардың ең үлкен бөлігін құрайды.
Бірақ: Баспана проблемасы адамдарды сонымен қатар қаладан қууда. Мәселен, Берлиндегі Кройцберг ауданында 25 шаршы метрлік бір бөлме пәтер үшін коммуналдық шығынды қоспағанда, 1000 евро талап етіледі. Ал бұл бағаны төлей алатын адам көп емес. Себебі, көптеген пәтерлерді жылжымайтын мүлік инвесторлары сатып алады, егер орналасқан жері жақсы болса, олар көбінесе Airbnb қонақтарына жалға беріледі. Сондықтан да адам ауасы таза, жері жеткілікті ауылдық өңірде өмір сүруге де болады деген ойға келеді. Ауылдағы үйді заманауи энергия үнемдеуші сипатқа келтірсең – ішінде мультимедиалық хоум-офис, үстел үстінде жаңа ғана піскен алма бәліші. Ал балалар ма, иә, олар сыртта қанша айғайлап ойнаса да, ерік өздерінде. Бұл дегеніңіз ең болмағанда армандағы көрініс.
Қартайған ауыл
Ауылдағы өмірдің суреті сондай романтикалық болса да, кейде ол алдамшы сипатқа да ие. Тек үйде жұмыс істеу мәселесін алып қарайықшы: біріншіден, көптеген ауылдық жерлерде жылдам ғаламтор жоқ. Берлин, Мюнхен немесе Гамбургта ғаламторға кеңінен қосылған үйлер 90 пайыздан жоғары болса, бұл жайт ауылдық елді мекендерде 60 пайыздан төмен. Жұмыскерлердің үйде жұмыс жасай алуы үшін дигиталды инфрақұрылым – басты шарт. Ал хоум-офисте жұмыс жасай алмайтын адам үшін ауылға көшу әдетте жолдың алыстайтындығын білдіреді: 2018 жылы Германияда шамамен 19 миллион адам ары-бері шапқылаған екен; жұмыс істейтіндердің 60 пайызының үйі мен жұмыс орны әртүрлі елді мекендерде орналасқан. Жылжымайтын мүлікке жұмсалатын шығынның аздығына сай жолға бір сағат немесе одан да артық уақыт кетеді. Бұл жайт сонымен қатар ауылдағы өмірдің экологиялық тұрғыдан алғанда да қолайсыздығын көрсетеді. Адамдар неғұрлым үлкенірек кеңістікте өмір сүрген сайын соғұрлым көбірек көмірқышқыл газы бөлініп, жер қыртысы көбірек бітеліп, электр мен жылуға көбірек энергия жұмсалады.
Салдары: Көптеген ауылдық елді мекендерден де тұрғындар кетіп жатыр. Және бұл үдеріс көп жылдардан бері орын алуда – бұ қозғалыс үлкен қаладан неғұрлым алыстаған сайын соғұрлым қарқынды сипатта. „Ауылдан, әсіресе, жастар қашады. Сол себептен мамандар жетіспейді, туу азайды“, дейді Дрезден Экономика институтының зерттеу жұмысының жетекшісі Феликс Рёзель. Ауыл тұрғыны, жалпы алғанда, қартаю үстінде. Ауыл тұрғындарының өлім санының жоғарылығы сондай, дүниеден озған қарттардың орнын толтыру үшін жастар тарапынан сонша деңгейдегі иммиграция қажет. Мәселен, 2008–2015 жылдар аралығында Бауцен ауданының 18-29 жас аралығындағы тұрғындарының шамамен төрттен бір бөлігі кетіп қалған. Олармен бірге кафе бизнесі, шағын азық-түлік дүкендері, ет дүкендері мен наубайханалар да жоғалған.
Қаладан қашқан отбасылар
Жылжымайтын мүліктің қымбаттығынан, ауаның ластығы мен қаланың таршылығынан шаршаған адамдар қайда кетіп жатыр? Статистика ұйымының деректері бойынша қаладан кетушілердің көбі – отбасылар. Кішкене балалары бар 30-49 жас аралығындағы адамдар ауылдық емес, көбінесе қала төңірегіндегі елді мекендерге көшуде. Ішкі істер министрлігінің зерттеулері Германиядағы халық санының өсуі қазіргі таңда негізінен үлкен қалалардың төңірегі мен көркейген ауылдық өңірлерде байқалатындығын көрсетеді. Астанаға қатысты алғанда бұл құбылыс „Berlin-Drain“ деп аталады: отбасылар Бранденбург федералды жерінің төңірегіндегі шағын және орташа қалаларға – метрополия кеңістігі деп аталатын орынға – көшіп жатыр. Дрезден Экономика институтының зерттеу жұмысының сарапшылары да халық тығыздығының аздаған белгілі бір жерлерде күшейіп бара жатқандығын алға тартады. „Германия халқының кеңістік бойынша жалпы бөлінісі соғыстан кейінгі бүкіл уақытты алып қарағанда, ешқашан дәл қазіргідей әрқилы сипатта болмаған еді“, дейді Феликс Рёзель.
Мұндай үрдістен пайда көруге талпынған елді мекендердің бірі – Саксония жеріндегі Айленбург. Мульде өзенінің бойында орналасқан, Лейпцигпен қолайлы көлік қатынасы байланыстыратын шағын қаланың тұрғындар саны бүгінгі таңда 17 000 жеткен. Ал 2014 жылы тұрғын саны 16 000 аз еді. Футуролог Даниэль Деттлинг үшін ондай кішірек қалалардың жуықта қайта өркендеу шағын бастан кешетіні анық. Тек төмендегідей алғышарт орындалған жағдайда: «Шағын қалалар өмір сүруге үлкен қалалардағыдай шарттарды ұсынуға тиіс. Бұл қала төңірегіндегі көлік қатынасы кеңейіп, жаппай ғаламторға және ауқымды ұялы байланыс желісіне қолжетімділік қамтамасыз етілуі керек деген сөз». «Ғаламтор қайда болса, үй сонда» ұраны бойынша. Өйткені адам қос шартты да – қаланың жан-жақты өмір салтын да, ауылдың тыныштығын да – қалайды. Жаңа піскен алма бәлішін де, кеңжолақты байланысты да. Немесе Курт Тухольскийдің 1927 жылы жазылған «Идеал» өлеңіндегі жағдайды: «Алда Балтық теңізі, артта Фридрихштрассе».
Үлкен қаладағы ауыл самалы
Көптеген адамдар ауылдағы табиғатқа жақын өмірді аңсайды, алайда бұл әркім үшін іс жүзіндегі мүмкіншілік бола бермейді. Ауылдық өмірдің рақатына қол жеткізе алмаған адам әйткенмен қалада да өзінің бірқатар арманын жүзеге асыра алады: