Поп және электрондық музыка 2020
Сөз сан туралы ғана емес

Өнерпаз Риркрит Тираванияның баннері Сұрақ – ертеңгі күн | Фото (үзінді): © Noshe
Өнерпаз Риркрит Тираванияның баннері Сұрақ – ертеңгі күн | Фото (үзінді): © Noshe

2020 үлкен бетбұрыс жылы болды. Поп-музыка да, электрондық музыка да өзінің экономикалық сипатымен және нақты саяси шешімдермен байланысты көлеңкеде қалды. Корона-пандемия ойын ережелерін жан-жақты бекітіп, бүкіл дүниені тас-талқан етті. Болжамға келмеген бұл жылы бір ғана нәрсе айқын болды: үздіксіз өзгеріс.

2020 жылдың 23 қазаны күні сағат 21:45 басталған Tagesthemen бағдарламасының (қазақ тілінде Күндік тақырыптар – ауд.) әуені әдеттегіден мүлде басқаша естілді – қатты, бөлек формада, агрессивті. Иә, күмәнсіз, Бірінші неміс телеарнасының кешкі жаңалықтары рок-гитарамен және соқпалы аспаппен ашылды. Студиядағы камера шаштары сарыға боялып, көтеріліп таралған үш музыкантқа қарай бұрылды: Соңғы он жылдықтардан бері белгілі неміс рок группаларының бірі Die Ärzte солайша ең танымал телебағдарламалардың бірін ашты. Күндік тақырыптар бір түн бойы панк-рокқа арналды – иә, пандемия шарттары поп-мәдениетті осыған әкелді. Ол да жаман емес.  
 
Бұл өткен бір жылдың оқиғаларына баға берер кішкене ғана, бірақ маңызды оқиға. Бүкіл дүниенің өзгергенін көрсететін белгі. 2020 жылдың наурыз айынан бастап жалпы мәдениет саласында және соның ішінде поп және клубтық музыка саласында шарттардың аяқ астынан түбегейлі өзгергенін көрсететін белгі.
 
Die Ärzte тобының музыканттары Tagesthemen бағдарламасының жүргізушісіне берген сұхбаттарын көпшіліктің назарын мәдени бағдарламалар саласының дағдарысқа ұшыраған күйіне аудару үшін үндеу ретінде пайдаланды. Германияда пандемия  басталғаннан бері фестивальдар мен клуб кештіктері бір де бір рет қалыптасқан деңгейде өткен жоқ; ал концерттер көктем мен жазда бірнеше ай ішінде ғана ұйымдастырылды, оның өзінде қалыпты поп-шаралар үшін бейтаныс шарттар аясында және қаржылай кіріс жоқтың қасы болды. Өткен жылы business as usual немесе сенімді түрде жоспарлау туралы айтудың өзі артық болды. Бұл жайт та 2021 жылы біртіндеп ғана өзгеретін болады. Қаржы министрі Олаф Шольц желтоқсанның басында газетке берген   сұхбатында барлық концерт ұйымдастырушыларға жоспарды 2021 жылдың екінші жартысына жасауға кеңес берді. Бұл аталмыш сала шілде айынан бұрын концерттер ұйымдастыруға үміттенбей-ақ қойғаны жөн деген сөз.
 

Бұл жерде сусындар дүкені ашылады

 
Көптеген музыканттар тіршілік көзінің үлкен бөлігін концерттер арқылы табады. Корона пандемиясын шектеуге бағытталған шаралар бір сәтте-ақ олардың тіршілік ету негізін жоқ қылды. Және олардың ғана емес. Берлиндегі Колумбияхалленің (нем. Columbiahalle) алдында „Бұл жерде жуықта сусындар дүкені ашылады“ деген жазу тұр. Бұл ескерту. 3 500 адамды сыйдыра алатын шамасы бар зал айлар бойы қаңырап бос тұрды. Сахна ғана емес, оның ар жағындағы бүкіл іс – сахнадан тысқары көзге көрінбей жүріп жататын немесе өзінен-өзі өтіп жатуға тиіс шарт секілді қабылданатын бүкіл-бүтін бір экономикалық саланың іс-әрекеті – тоқтады: олар ұйымдастырушылар, брондау агенттіктері, дыбыс техникасы, қауіпсіздік, кейтеринг, бар даяшылығы.
 
Дағдарыс барысында музыканттардың, диджейлердің және олармен бірге бүкіл жасампаз экономикалық сектордың сондай көлемдегі басқа да индустрия салалары секілді ешқандай лоббиға үміт арта алмайтыны айқын болды. Alarmstufe Rot (Апаттық деңгей: қызыл) бастамасы шілдеде тура сол себептен және жағдайды өзгерту мақсатында туды.
 
Көптеген жұмыссыз қалған шағын кәсіпкерліктер мен осы саладан шыққан жеке күрескерлердің елдің экономикасына қосатын үлесінің өлшемі аталмыш бастаманың наразылық акциялары арқылы таралды. Alarmstufe Rot сайтында „Біз 130 млрд айналымы және 1 млн жұмыскері бар көлемі жағынан Германияның алтыншы экономикалық секторымыз“ делінген. Мұнда сөз форум/конференциялар, көрмелер мен спорттық шаралар да жататын жалпы ұйымдастыру секторы туралы айтылып отыр.
 
Немістің астанасы және мәдениет мегаполисі Берлинде қаланың экономика сенатының деректері бойынша мәдени және өнер шаралары өтетін орынның саны 250. Басқа дереккөздер бойынша тіпті одан екі есе көп. Аталмыш сала соңғы жолы жылына 45 000 шара өткізіп, айналымға 170 миллион евро кіргізген. Шаһардың поп және клубтық сахнасының халықаралық деңгейде тартушы күші бар, сонымен қатар оны „орналасқан жер факторы“ деп атайды – ал ол фактор 2020 жылы толығымен жүзеге аспады. Оның салдары қызмет көрсету, туризм және мәдениет арқылы өмір сүретін Берлин секілді қалаға әлі жылдар бойы әсер ететін болады.
 

Видео үшін 0,00018 евро

Корона дағдарысы кезінде дигитальды сфера  мәдени шаралар өтетін басты кеңістікке айналды. Онлайн-платформалар айлар бойы – алуан түрлі форматтағы трансляциялармен, тікелей эфирде немесе жазылған түрде, аздаған көрерменмен немесе мүлде көрерменсіз – қосалқы сахналар ретінде қызмет етіп жатыр. Бұл үрдіс бірінші кезекте YouTube видео-порталымен Google және басқа да ұсыныстарының сыртында инстаграм-концерттерімен Facebook әлеуметтік медиа платформасы секілді жаһандық концерндер үшін тиімді болды.

Ең үлкен музыка таратушы Spotify қызметінен де айқын өсу көрінеді. Өткен жылмен салыстырғанда, 2020 жылдың үшінші  тоқсанында айдағы белсенді қолданушылар саны 29 пайызға, ал абонемент саны 27 пайызға өскен. Айналым 14 пайызға көтерілген, одан музыканттарға тиетін үлес тым аз. Мұндай ретсіздікке көп уақыттан бері шағым жасалумен келеді, бірақ оның тигізетін әсері дағдарыс шарттарында тіпті күшейе түседі. Spotify әр трансляция үшін шамамен 0,0029 евро төлесе, YouTube музыкалық видеоның бір рет басылғаны үшін шамамен 0,00018 евро – яғни, оның оннан бірінен де аз – төлейді. 

YouTube, Instagram & Co-ға лайықты балама ретінде United We Stream қалыптасты. Топтама берлиндік одақ пен Arte неміс-француз телеарнасының бірлестігінде іске қосылды. Қазіргі шақта Arte мен unitedwestream.org вебсайтында әлемнің жүзден астам қаласынан халықаралық көрермен қауымға арналған DJ-сет беріледі. Ондай форматтардан түсетін кірістер ең алдымен қайырымдылыққа үндеу жолымен жиналады, десе де онлайн-шараларға билет сату да барған сайын дамып барады. 

Сонымен қатар музыкалық шараларға пандемияға қарсы тұра алатын күш беру мақсатында оффлайн форматта көп нәрсе нақты орында өткізіліп те көрді. Рэпер Sido секілді мейнстрим өкілдері автомобиль-кинотеатрда өткізілген концерттерге қатысып көрді. Өнерпаздар қайда болсын – тіпті тұрып беретін концерттердің орнына – отыруға дайын болды. Музыкалық топтар қатарынан екі рет – әр жолы аз санды көрермен алдында – ойнайтындай ауысымды шаралар да  ұйымдастырылды. Орташа есеппен әдеттегі көрермен қауым санының 20 - 25 пайызымен және қолжетімді билет бағасымен пайда көру мүмкін емес болғандықтан, ондай стратегиялар қолдау көрсетілетін ғимараттарға көшті. Тәуелсіз ұйымдастырушылар мен агенттіктер ұдайы өздерінің фестивальдік бағдарламаларын, диджейлер құрамын және концерттік турлардың жоспарын өзгертіп, кейінге шегерумен болды. Алайда нәтиже – ақыр соңында жоспарлар бәрібір жүзеге аспай қалып жатты.

Инди саласында өзінің Puschen фирмасымен  концерттер ұйымдастыратын Андреас Обершельп Zeit Online-дағы бір мақаласында өзінің Германияда өкілдік жолымен ұйымдастыратын өнерпаздардың стриминг-концерттерінен табатын пайдасы бұрынғы қалыпты кірісінің бес пайыздан аз бөлігін құрайтынын айтыпты. Puschen фирмасының күзге жоспарлаған 20 концертіне қыркүйектің екінші аптасында алдын-ала сату бойынша төрт билет сатылған екен.


Үрмелі қайық vs. қорғаныс орны

Жалпы бұқара клубтық сахнаға жиі жағымсыздық пен денсаулыққа төнер қауіп-қатер ретінде қарады. „Корона-кештік“ ұғымы көктем кезінде-ақ жиі қолданатын балағат сөз ретінде қалыптасып үлгерді. Клубтық көрермен қауым өзіне расында да жақсылық жасамады. Шілденің басында Берлинде орын алған үрмелі қайық-демонстрациясы бұл тұрғыдан алғанда ең төменгі шегіне жетті. Тура бірнеше шақырым жерде ғана нәсілшілдік пен полицияның зорлық-зомбылығына қарсы #BlackLivesMatter (сөзбе-сөз: Қаралардың өмірі маңызды) шеру өтіп жатқанда, шамамен 3000 адам өз ойларынша қажетсіз шектелген бостандықтары үшін тура аурухананың алдында су бетінде  наразылықтарын білдірді. „I can't breathe“ („Мен тыныс ала алмай жатырмын“) деген ұран көзге түседі. 2020 жылдың мамыр айында Миннеаполисте полицияның әрекеті кезінде қаза болған афроамерикандық Джордж Флойдтың соңғы сөйлемі мұнда ашық аспан астындағы ұранға айналды. 
       
Tagesthemen-ге техно да қол жеткізді, алайда Die Ärzte тобынан өзге жолмен. Ондай акциялар туралы жариялаған басты жаңалықтар әйтсе де клубтардың өздерін жаңа орын ретінде ашуға ұмтылғандары туралы айтпады. Көбінесе гастрономияға көңіл бөлінген амалсыз шешімдермен қатар бейнелеу өнеріне бет бұру байқалды. Би алаңдары көрме залдарына айналды. Солардың ішінде Бергхайн техно-клубы мен Борос өнер туындыларының топтамасы бірлесе отырып дайындаған неміс астанасындағы өнер сахнасының бір бөлшегі Studio Berlin-нің орны ерекше. Қыркүйек айының басында өткен ашылу салтанатында көрермен қауым зор ықылас танытты, ал кейінірек келгісі келген көрермен билетті апталар бұрын сатып алып қоюға тырысты – бұл жайт барлық концерт және көрме залдары қараша айында қайтадан жабылғанға дейін жалғасты. 

Клубтардың қосалқы мүмкіншіліктер іздеу немесе өзінің сипатын өзгерту стратегияларына кейінгі шектеулер тағы да кедергі келтірді. Ондай жаңа концептілер үшін тер төгу дағдарысқа қарсы тұра алмады. Сыра бағын да, көрмелік бағдарлама да жасауға  мүмкіншілігі жоқ бірқатар орындардың жоғалатындығы көктем кезінде-ақ анық болды. Көптеген кәсіпорындар мен қызмет көрсетушілер дағдарыс жағдайында көмек түрін ұсыну арқылы 2020 жылдың соңына дейін әрең жетті. Бірақ банкротқа ұшырау толқыны 2021 жылға дейін ғана шегерілген болуы керек. Сөйтіп клуб саласында маргиналды топтар дискриминациядан именбей бас қоса алатын қорғаныс орындары ұдайы жойылу үстінде.

Аталмыш қоғамдық-саяси өлшемді „Үрмелі қайықтағы рейв“ секілді дүниелердің ығыстыруы – қазіргі жалпы жағдайдың бір көрінісі. Пандемияны шектеуге бағытталған шаралар арқылы олардың ар жағында жатқан көрсеткіштер жүйесін танып-білуге болар еді. Мемлекеттің дағдарыстың басында көрсеткен шұғыл көмектері негізінен өндірістік шығындарға бағытталғандықтан, олар көптеген музыканттардың жұмысына және тіршілігіне қатысты нақтылықтан алшақ болды. Әйте де ең бастысы: мәдениет жалпы алғанда, „жүйені құратын маңыздылыққа ие емес“. Саяси шешім қабылдаушылар тарапынан мәдениеттің адамдар үшін атқаратын мәні мәселен, жеке саудамен салыстырғанда, екінші кезекті сипатта – қажет болса, бас тартуға  болатын және бар тартылуға тиіс бос уақытты өткізуге арналған ұсыныс түрінде – қабылданады. Бірақ бұл жерде сөз сан туралы ғана емес. Көптеген шығармашылық адамдары мен оларға көмек көрсетушілердің тіршілік етуіне қауіп төнді. Сонымен қатар олардың жұртшылық, көпшілік жүйесіндегі рөлі мен маңыздылығынан да бас тартылып отыр.


Мутацияға түсуді үйрену

2020 жылдан көп белгі қалатын болады, оған себеп – кейбір институциялар мен әдеттердің  жоғалуы. Ол жылға бетбұрыс тән, орын алған оқиғалардың салдары әлі ұзаққа созылары даусыз. Қазірдің өзінде кейін қайтар жолдың – кемінде толық қайтар жолдың – жоқтығы анық боп отыр. Жаңа шарттар мен олардан туған дағдылар алдымен біртіндеп дамуға тиіс. Көрермен қауымның үлкен бір бөлігі сақтыққа жүгініп, әлі ұзақ уақыт бойы адамдар жиналған жерге жоламайтын – демек, концерттерге де бармайтын – болады. Онлайн форматта ұсынылған қосалқы бағдарламалар бастапқы тартымдылығынан жылдам айырылды. Сол кезден бері көп сөз болып жүрген гибридтік форматтар екі жақта да – ұсыныс тарапынан да, сұраныс тарапынан да – алдымен туып, одан соң қалыптасуға тиіс. Көрермен қауымның да жаңа шарттарға үйреніп, жаңа ұсыныстарға икемделуі керек.

„Сұрақ – ертеңгі күн“ – бұл Studio Berlin көрмесінің бөлшегі ретінде үлкен әріптермен жазылып, Бергхайн қасбетінде көзге түсетін ұран. Өнерпаз Риркрит Тираванияның еңбегі қазіргі шақта ең алдымен басқа болашаққа инвестициялау қажеттігі туралы ойды жеткізеді. Экономикалық тұрғыдан да, сондай-ақ жасампаздық тұрғысынан да. Жаңа шарттар мен инфрақұрылымды жасау жылдар бойы талқыланып келе жатқан проблемалар туралы қарқындырақ толғанып, ретсіздіктерді жоюға мүмкіндік ұсынады. Сонымен қатар музыка саласындағы сексистік және нәсілшілдікке қатысты үрдістерді атап көрсету, көбірек мүмкіншіліктер ұсынатын дербес дигитальды кеңістіктер жасау, экология мен баяндылықты сондай-ақ әлеуметтік мағынада да жүзеге асыруға да.

Сондықтан да 2020 жылдан кейін поп-мәдениеттің үлкен жаңа тақырыбы өзгеріс болмақ. Философ Поль Б. Пресьядо дағдарыстың басында жазған бір эссесінде „Біздің мәжбүр болған мутация сатысынан таңдаған мутация сатысына өтуге шамамыз келуге тиіс“ деп жазған еді. Бұл тақырыппен біраз уақыттан бері эстетикалық тұрғыдан айналысып жүрген өнерпаздар көп. Аереа Негротты осындай практиканың үлгісі ретінде атауға болады. Германияда өмір сүретін венесуэлалық өнерпаз біраз жылдардан бері клубтық музыка, опера өнері, театр және перформанс өнері арасында еңбек етеді. Соңғы рет Аереа Негрот CTM Берлин фестивалімен бірлестікте өткен стриминг-кеште диджей рөлінде көрінді. Фестивальдің келесі бағдарламасы 2021 жылдың қаңтар айының соңында өтпек. Бағдарлама „Пандемия-басылым“ ретінде жаңа гибридтік форматта өтетін болады. Фестивальдің басты тақырыбы бізге әлі ұзақ уақыт еріп жүретін болады: „Трансформация“.