Digital Services Act
ДЕРЕКТЕР СПРУТТАРЫНА ШЕК ҚОЮ
Біз ғаламтордан қандай мазмұндар табатынымызды – сұрауымызға сай алдымен қандай іздеу нәтижелері, видеолар немесе әлеуметтік медиа хабарламалары шығып келетіндігін – барған сайын аз ғана ірі интернет-концерндер шешетін болып барады. Сол арқылы олар біздің тұтыну салтымызға ғана емес, сондай-ақ саяси көзқарасымызға да әсер етуде. Еуропалық Одақтың Digital Services Act заңнамалық жобасы көбірек айқындылық үшін күресетін болады.
Жылдам бір ақпаратты гуглдей қою, бір хабарды WhatsApp-та жіберу, жаңа аяқ киімді Amazon-да сатып алу, бір видеоны YouTube-тен көру немесе өзін Instagram таспасында қарап шығу. Желіде жасайтын көптеген дүниелерімізді біз автоматты түрде белгілі бір мобильді қосымшалармен немесе вебсайттармен байланыстырамыз.
Өйткені соңғы жылдарда біздің ғаламторды пайдалануымыздың көлемі қатты өсіп кетті: біздің онлайн іс-әрекеттеріміздің үлкен бір бөлігі Google, Facebook және Amazon платформаларында өтеді. Және де оларға басқалармен бірге WhatsApp, YouTube пен Instagram да тиесілі. Бизнес-үлгісі көп жағдайда жеке басқа қатысты деректерді жинауға негізделетін ол фирмалар жылдар барысында өздерін квази-монополиялық мәртебеге көтерді: олардың платформаларының желілік әсері шағын бәсекелес фирмаларға нарыққа енуге кедергі болады; бір де бір ғаламтор тұтынушы оларды айналып өтпейді. Бұл дегеніңіз: біздің желіде қандай мазмұндарға қол жеткізіп, бізге қандай жаңалықтар мен пікірлер онлайн түрде тап келетінін және қандай өнімдер ұсынылатынын айтарлықтай дәрежеде олардың алгоритмдері шешеді. Сөйтіп платформалық компаниялар біздің тұтынушылық іс-әрекетімізге ғана емес, сонымен қатар саяси көзқарасымыздың қалыптасуына да зор әсер етеді.
ФИЛЬТРЛЕР КӨБІРШІГІНІҢ (ағылш. „Filter bubble“) ТҰТҚЫНЫНДА
Басты проблема: ол мазмұндар біз үшін қандай өлшемшарттар бойынша таңдалып, іріктелетіндігі басқалар үшін түсініксіз. Facebook, Instagram немесе YouTube-те хабарламалардың қайсысы маңызды орындарда көрініп, қайсысы көрінбейтіндігі бір жағынан мазмұндардың ақылы екендігіне қатысты – ақы төленген хабарламалар қайталанып көрсетіледі. Сондай-ақ әрбір тұтынушы үшін қандай мазмұндар артығырақ қажет екендігіне арнайы таңдау жасап, соларды маңыздырақ орындарға қоятын алгоритмдер де іске қосылады. Ал ол ұсыныс жасаушы алгоритмдердің қандай логикаға негізделіп жұмыс істейтіндігі туралы ешкім де сенімді түрде айта алмайды, себебі дереккөздік кодтар өте құпия сақталады.Басымдылықтарды анықтаудың біздің тіпті дүниетанымымызға әсер ететін жанама ықпалдары бар: мысалға, кім де кім YouTube-ке „Германия үшін балама“ партиясының Бундестагта айтылған баяндамаларына кірсе, ұсыныстардан бірден жуық арада орын алатын жүйе күйреуінен сақтандыратын және кейде тіпті ашық антисемиттік көзқарасты үгіттейтін жалған экономикалық сарапшыларға түседі. Бұл әсерді фильтрлер көбіршігі ұғымымен қосып былай деп тұжырымдауға болады: желіде жалпы алғанда кез келген пікірге қол жеткізуге болады – әйтсе де, біз көбінесе онсыз да өзіміздің ойымызға сай келетін пікірлерді табамыз. Ұсыныс жасаушы алгоритмдердің сонымен қатар эмоциялар тудырушы мазмұндарды „жақсы көретіндігі“ жеккөрінішке негізделген хабарландырулар мен қастандық теорияларының белгілі бір орталарда ерекше таралуына, ал адекватты пікірлердің төменде қалып отыруына алып келеді.
АЙҚЫНДЫЛЫҚТЫ КҮШЕЙТУГЕ ҰМТЫЛЫС
Осы қауіпті динамиканы ретке келтіру үшін заңды шарттар қажет. Еуропалық Одақ концерндерге бағытталған негізгі ережелерге қатысты ұсыныс жасады. Бұл 2020 жылдың желтоқсан айындағы Digital Services Act заңнамалық жобасы. Бірақ оны әлі Еуропалық парламент пен мүше мемлекеттер ратификациялауы қажет. Ол заңнамалық акт бойынша әлемде 45 миллионнан артық тұтынушылары бар ірі платформалар болашақта басқа да міндеттермен қатар өз алгоритмдерін тәуелсіз тексерулерге ашық көрсетуге тиіс болады. Сондай-ақ тұтынушыларға ол алгоритмдерді өздері өшіріп тастайтын мүмкіншілік ұсынылуы керек.2018 жылдан бері ЕО ауқымында қолданыстағы Деректерді сақтаудың жалпы регламенті секілді Digital Services Act да ең болмағанда біраз айқындылыққа, ашықтыққа қол жеткізер еді. Себебі акт салмақты айыппұл салады: айыппұлдар концерндердің жаһандық жылдық кірісіне сай бекітілетіндіктен, ірі платформаларды жүргізушілердің қалтасына миллиардтаған салмақ түсіре алады. Заңдық жобада сонымен қатар ашық жүйемен әрекеттестікке міндетті болу да қарастырылған, ал ол өз кезегінде платформалардағы монополияны аздап болса да бұзуға әсер етуі мүмкін: мысал үшін нақтырақ айтсақ, WhatsApp секілді мессенджер хабар алмасуды басқа да қызметтермен мүмкін етуге тиіс болады. Ал бұл жайт шағын қызмет ұсынушыларға нарыққа енуді жеңілдетер еді.
Егер Digital Services Act ратификацияланса, бұл интернет-концерндердің қызметін реттеу жолындағы маңызды қадам болмақ. Акт олардың негізгі бизнес практикасында ештеңені де өзгертпейді, әрине, өйткені жеке басқа қатысты деректерді жинау, талдау және саудалау болашақта да шектеусіз күйде қала береді. Заңсыз, астыртын мазмұндардың тезірек жойылып жіберілуін жалпы алғанда құптауға болады, әйтсе де ол жалпы бұғаттауға қатысты қауіптен арылмайды. Бұған дейін күмән туған кезде Facebook, Google және Co. тәуекелге бармай, тым аздан гөрі тым көп өшіріп тастайтын. Қазір тұтыну шарттарына қайшы да келмейтін, қолданыстағы құқықты да бұзбайтын хабарламалардың тұрақты жоғалып кететіндігі төмендегідей өзекті сұрақты тудырады: Ірі платформа концерндерінің біздің коммуникациямызды қаншалықты деңгейде басқарғанын қалаймыз? Бұл сұраққа Digital Services Act да байқап басып қана таяй алады. Аталмыш концерндер бүгінде қуатты акторларға айналған, бірақ олар бұған дейін кез келген бұқаралық бақылаудан жалтарып келді. Digital Services Act – егер ол қазіргі түрінде бекітілетін болса – бірқатар бақылаусыз олқылықтарды ретке салуға әлеуеті жетер еді. Бірақ ол жаңа медиалардың жауапкершілігін анықтайтын дигитальды негізгі заңға апарар жолдағы алғашқы қадам ғана болмақ.