Коммуналдық саясаттағы әйелдер
ӘЙЕЛДЕР, САЯСАТҚА ҚАТЫСЫҢДАР!

Коммуналдық саясатқа қатысуға қол жеткізе білген аздаған әйелдердің бірі: Кёльн қаласының әкімі Хенриетте Рекердің үй қабырғасына салынған бейнесі.
Коммуналдық саясатқа қатысуға қол жеткізе білген аздаған әйелдердің бірі: Кёльн қаласының әкімі Хенриетте Рекердің үй қабырғасына салынған бейнесі. | Foto (Detail): ©picture alliance/Geisler-Fotopress/Christoph Hardt

Бундестагта немесе қала әкімдігі орналасқан ратхауста/ратушада болсын, мейлі: саясаттағы әйелдер үлесі төмен. Осы жағдайдың себептері мен ықтимал шешімдері туралы 

Кристиане Хорш – сирек кездесетін жайт. Хайке Оллех те. Ал Хенриетте Рекер тіптен де шүбәсіз. Германияда коммуналдық саясаттың ұшар басына жеткен, бір муниципалитеттің немесе шаһардың биік лауазымдарын иеленген, тіпті әкімдікке қол жеткізген жоғарыдағы есімдер секілді әйелдер әлі сирек кездеседі. 2020 жылы Саясат пен экономикадағы әйелдер үшін Берлин Еуропалық академиясы (EAF) жүргізген зерттеу жұмысының нәтижесі  Германияда әкім лауазымының тоғыз пайызын әйелдер қауымы иеленетінін көрсетті. Үлкен қалаларда ондай үлес одан да көбірек: 2017 жылғы Хайнрих-Бёлль қорының „Немістің үлкен қалаларындағы гендерлік бағалау“ зерттеу жұмысы ратхаустардың 8,2 пайызын әйелдер басқаратынын көрсеткен.

„Муниципалитет неғұрлым кішірек болса, әйелдер үлесі соғұрлым үлкенірек болады“ дейді EAF зерттеу жұмысының авторлары Катрин Малер Валтер мен Хельга Лукошат. Шығыс Германияда әйелдер үлесі сәл-пәл жоғарырақ, әйтсе де соңғы жылдары онда да төмендеп кеткен. Ғалымдар бұл жерде мәселенің „бұрынғы федералды жерлерде төмен деңгейде болған қатынастарды теңдестіру“ орын алғандығымен байланысты екендігін айтады.  

Осы олқылықтарды саясаткерлер мен экономикалық орталарда тұрақты атап көрсетіп, әйелдердің рөлін күшейту қажет екендігін айтып жүретін Хельга Лукошат мұндай нәтижелердің „дабыл қағуға тұрарлық“ екендігін алға тартады. Ол саясаткерлердің ширек бөлігін ғана құрайтын коммуналдық деңгейде ғана емес, сондай-ақ Бундестагта да әйелдердің үлесі саяси тұрғыда төмен екендігін сынға алады. 2017 жылы сайланған парламент депутаттарының 31 пайызға жетер-жетпес бөлігі ғана – әйелдер. Бұл көрсеткіш осының алдындағы шақырылыммен салыстырғанда, жеті пайызға төмен. „Бұл жерде сөз тіпті тоқырау туралы да емес, керісінше тіпті құлдырау байқалады“ дейді Лукошат.

ӘЙЕЛДЕРГЕ САЯСАТТА КЕДЕРГІ КӨП 

Орта Мозель бойындағы Швайх қаласының 2012 жылдан бергі әкімі Кристиане Хорш әйелдердің аз бөлігінің ғана саясатқа араласатындығының коммуналдық тұрғыдан алғанда әртүрлі себептері бар екендігін айтады. Оның бірі әлі күнге дейін жалғасып отырған дәстүрлі рөлдік салтпен байланысты: „Әйелдер үшін бұрынғыдай мамандық пен отбасын өзара үйлестіру әлі де қиынға соғады“. Коммуналдық жоғары лауазым – муниципалитет ауқымында көбінесе сол арқылы саясатқа жолдың ашылатыны белгілі – „айтарлықтай қосымша уақытты“ талап етеді, ал оны ерлерге қарағанда, әйелдердің табуы күрделірек.  
 
Саясаттағы әйелдер үлесінің төмен деңгейі сондай-ақ оларға саяси лауазымдарда – және де оларға жетер жолда да – ерлерге қарағанда, жолдың тар екендігімен де байланысты болуы ықтимал. Мұндай тұжырым EAF зерттеу жұмысына өзі-ақ сұранып тұрғандай: сауалнамаға қатысқан әкім әйелдердің құжатталған тәжірибелері әйелдердің жартысының дерлік мәнсап жолында кедергілерге тап болғанын көрсетеді. Ал ерлер арасында олай жауап бергендер – тек 37 пайыз ғана. Респонденттердің үштен бірі өзінің жынысына қатысты ерекше жағдайлар орын алғанын айтса, 13 пайызы тіпті сексуалдық сипаттағы қудалауға түскен. Оңтүстік Бадендегі Гуннинген коммунасының әкімі Хайке Оллех федералды жерлік саясаткерлер бас қосқан бір жиналыста өзінің сайлау кампаниясы кезінде „Қатынды сайлауға болмайды“ деген сөздерді де естуге мәжбүр болғанын айтады.

EAF басқарушы директоры әрі саясаттағы әйелдер туралы EAF зерттеу жұмысының бірлескен авторы Катрин Малер-Валтер 2019 жылы Шығыс Германиядағы азаматтық белсенділігі үшін Еңбек сіңірген крест-пен марапатталу салтанатында.
EAF басқарушы директоры әрі саясаттағы әйелдер туралы EAF зерттеу жұмысының бірлескен авторы Катрин Малер-Валтер 2019 жылы Шығыс Германиядағы азаматтық белсенділігі үшін Еңбек сіңірген крест-пен марапатталу салтанатында. | Foto (Detail): ©picture alliance/dpa/Wolfgang Kumm
ЖЕЛІЛЕР МЕН ПАРИТЕТ (ТЕҢДІК) ЗАҢДАРЫ АРҚЫЛЫ САЯСАТТА ӘЙЕЛДЕРДІҢ КӨБІРЕК БОЛУЫНА ҚОЛ ЖЕТКІЗУ

Мұнда өзара күшті болу үшін қол біріктіру қажеттілігі туады. Федералды жерлер мен коммуналарда әйелдерді алға тартуды мақсат тұтқан желілер мен бірлестіктер барған сайын өсіп барады. Кристиане Хорш мүдделес серіктестерімен бірге Рейнланд-Пфальц коммуналық және қалалық одағына қарасты коммуналдық басшы лауазымындағы әйелдер желісін құрған екен. Мақсаты – саяси жас буынға қолдау көрсетіп, үлгілерді айқындау. „Жергілікті муниципалитетте өмірді бірге құрысу – әдемі әрі батыл міндет“ дейді Кристиане Хорш. „Ол үшін алдымен жас әйелдерді белсенді түрде алға тартуымыз қажет.“ Ал Кёльн әкімі Хенриетте Рекер саясаттағы әйелдер үшін күресіп, қала әкімшілігінде тұлғаны дамытуға арналған бағдарламалар ұйымдастыруда. Жарты күндік жұмыс түрінде басқару жобалық жұмысы арқылы әйелдерді басшылық қызметтерді қабылдауға шақырып, жігерлендіргісі келеді.

Швабияда да коммуналдық саясаткер әйелдер саясаттағы әйелдер үлесін көбейтуді қалап, BoRa атты өзіндік әйелдер желісінде белсенді жұмыс істейді. Желі мүшелері өткенде парламенттерде жетіспейтін теңдік туралы видеоролик түсірді. Роликте олар „Биліктің жартысын әйелдерге. Бірден!“ деп талап етеді.

Берлин EAF-тің Хельга Лукошат бірге құрысқан бастамаларының бірі Хелен Вебер-колледжінің әйелдері үшін бұл саясаттағы гендерлік теңгерімділікке жетудің ең жақсы, бәлкім тіпті жалғыз ғана жолы болар. Олар да жас буын әйел саясаткерлерге күш бергісі келеді, семинарлар ұсынады, олармен бірге икемді дағдыларды және медиамен жұмысты жаттықтырады. Сөйте тұра олар да „Саясаттағы тең құқықтыққа тек міндеттейтін заңды ережелермен ғана қол жеткізуге болады“ деген пікірде.

Әйтсе де: кейбір федералды жерлерде соңғы кезде партиялардың саясатына қатысты лайықты іс-шаралар өсіп келеді. Мәселен, Бранденбург пен Тюринген алғашқы федералды жерлер болып паритет заңдарын бекітті. Алайда федералдық жер парламентіндегі әйелдер мен ерлер теңгерімділігіне квоталық тізім бойынша қол жеткізуге тиісті Эрфурт заңы 2020 жылдың жаз мезгілінде конституцияға қайшы келетін сипатта деп танылды; ал қазан айында Бранденбург бастамасы да тура сондай тағдырға ұшырады.

Сонымен қатар 2017 жылғы Бундестаг сайлауының нәтижесіне және орындардың гендерлік тұрғыдан теңсіз бөлінуіне қарсы шыққан он әйелдің қайта тексеруге қатысты шағымдарын Федералдық конституциялық сот жуықта кері қайтарды. Берілген негіздемелердің бірі: Парламентте электораттың бейнесі болуы шарт емес. Алайда шағымданушылардың адвокаты оңайлықпен түсіп берейін деп отырған жоқ. Ол алдағы Бундестаг сайлауынан кейін жаңа шағым түсіру мүмкіндігін жоққа шығармайды.