СУРЕТ САЛАТЫН БЛОКНОТ

Міне, бірнеше жыл болды, менде ұлы атам Йоханнес Андреестің Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майданда жүріп ұстаған блокноты сақтаулы. Ол коммунист болған. Түні бойы пікір таластырып отыра алатын, Вердиді сүйіп тыңдайтын, пастаны, итальяндық нәрсенің бәрін жақсы көретін жан болған. Сурет салуды оқып үйренген, соғысқа дейін Лейпцигтен Каприге дейін велосипедпен жүріп өткен. Суреттерінде соғыс көрінбейді. Демалыс сәттері бейнеленген. Майдан шебінен тыс сәттер. Шайқастар арасындағы қысқа үзілістердің көрнісі. Блокнотта менің әжемнің суреті де бар, жасөспірім кезі. Ұлы атам оны майданнан демалысқа келген кезінде салыпты. Суреттердің бәрі жақсы емес. Қайбіреуі сәтсіз шыққан. Кейі аяқталмай қалған. Ондай бірақ суретшінің кез-келген блокнотында болады. Ішінде портреттер көп, бірақ аттары жоқтың қасы. Қысқа жазбалардан кейде жер атауы мен уақытын көресің. Ұлы атам Ресейде соғысқанда, досы екеуі жау жағына өтіп көрген екен. Бірақ Кеңес жауынгерлері олардың қолсағаттарын алып алып, қоя берген көрінеді. Оның техникасы мен сюжеттері кейде Кете Кольвицті еске түсіреді. Бірақ оның суреттері шынайы және тебіреністен ада. Мен өзім жасаған суреттерімнің нобайы мен әкемнің суреттеріне ұқсастықты байқаймын. Мен үшін мүлдем бөтен өмір жағдайында өзімді әдеттегідей және жайлы сезіну біртүрлі көрінді. Аздаған шимайлар, мағынасыз пішіндер бар, қылқалам мен бояуларды байқап көрген болу керек. Жанына басқа жауынгерлердің мекен-жайы жазылған. Мүмкін, соғыстан кейін кездеспек болған шығар. Бақылап отырған дүниеңнің негізгі түйінін түсіне қойып, оның тек ең маңыздысының нобайын ғана тез түртіп алу маған таныс үдеріс. Бірақ соғыс пен оның өмірі маған бәрібір ашылар емес. 1944 жылы оны Италияға ауыстырған. Оның әжеме жазған сол кездегі хаттары сондай бір үмітсіздікке толы – мен өмірімде ешқашан ондай мұңды нәрсе оқымаған шығармын. Йоханнес Андреес Италияда қаза тапқанда, Германияның қарсылықсыз тізеу бүгуіне екі аптадан аспайтын уақыт қалған еді. 

Симон Шварц
Simon Schwartz

  ©
Симон Шварц 1982 ж. Эрфуртте туған, Берлиннің Кройцберг ауданында ержетті.  2004 ж. Һамбургке көшіп барып, Қолданбалы ғылым жоғары мектебінде  иллюстрацияны оқып үйрене бастады. Онда бес жыл оқып, дебюттік комиксі «сонда!»-ны шығарып, оқуын аяқтады. Ол кітап 2010 ж. „ICOM Independent Comic Prize“ сыйлығын алып, Балалар және жасөспірімдер әдебиеті саласындағы неміс сыйлығына ұсынылды. 2012 ж. «Көпжылдық мұз» графикалық романы „Max und Moritz“ сыйлығын алды.
​​​​​​​
www.simon-schwartz.com