Қойылым Құлагер жыры

Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасының (неміс тіліне аударған Герт Хайденрайх) желісі бойынша үш әртіс пен бір әншіге арналған поэтикалық-музыкалық-пластикалық қойылым
 
...Далаңның той болғанда бүгін күні,
Жүйріктей бабындағы жүгір, міні;
Орай шап алдын, артын жиын жұрттың,
Жыр қыла бүгінгіні, бұрынғыны.

    Ілияс Жансүгіров
 
Сөз құдіреті мен ат шабыс өнері көшпенділер өмірінің басты қазықтарынан саналған. Сал-серілер халық жырларын ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткізіп отырған. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан бұл ауызша салт маңызды оқиғалар, жүйрік аттар мен олардың иелері туралы сыр шертеді.
Сондай халық ақындарының бірі Ақан Сері (XIX  ғ.) – әйгілі ақын және Құлагер жүйріктің иесі. Ақанның өткір әрі шыншыл тілі оның дұшпандарын көбейте түседі, ал тұлпары Құлагер талай қалаулы жеңістер мен атақ-даңққа жеткізеді. Сонымен қатар іші тар қызғаншақтардың да санын қосады. Ақан өзінің атақты атын алып келіп, Арқадағы Сағынай асының бәйгесіне қосқанда оның бас бәйгені алатынына ешкім күмәнданбайды. Бірақ өкінішке қарай Ақан мен Құлагердің алдында оны көре алмаған қастардың оры қазулы еді...     
Қазақ ақыны Ілияс Жансүгіров өз Отанының әндері мен сазына тербеліп өскен. Құлағы қанып өскен жырлар мен саздарды – оның ішінде Ақан Серінің де әндері бар – ақын өз шығармашылығына желі қылған. 
Ақын 1937 жылы жалған саяси айыппен тұтқындалардың (және сол жылы ату жазасына кесілердің) алдында 1936 жылы өзінің соңғы туындысы «Құлагер» поэмасын жазған еді. Поэма оның артына қалдырған өсиетіндей. Шығарма жарық көрген газет сандары жойылған. Жазушы Сапарғали Бегалин оны 20 жылдай жастығының астарына тығып сақтаған. Қазақ поэзиясының інжу-маржандарының бірі сөйтіп аман қалып, бүгінгі оқырман қолына жеткен.
Қазақстанда туып, Германияда өмір кешіп жатқан режиссер Ирина Миллердің жетекшілігімен үш неміс әртіс пен бір қазақ әнші өткен шаққа, кең даланың керемет табиғатында орын алған қайғылы оқиғаларға оралып, әңгімелеудің көне салтына бой ұрады.

Артқа