Көрме ағын бойымен / ағынға қарсы заманауи фотоинтервенциялар

Жм, 04.05.2018 -
Ср, 23.05.2018

Бішкек

„ағын бойымен / ағынға қарсы. заманауи фотоинтервенциялар“ аталатын көрмелер топтамасы фотография өнерінің жаңа қырларын ашып, өзіндік бейнелі тілді дамытып жүрген Германияда өмір сүретін фото-суретшілермен таныстырады. Оларға көркем түрде араласу тәсілі ортақ. Қандай мазмұндық мақсат көздесе де, қайдан шабыт алса да бәрібір, фото-суретшілер өздерінің жұмыстары үшін суреттердің материалына немесе сыртқы нақтылыққа араласып кетеді. Мұндай тәсілді деректі деп атауға келе ме, әлде реализмнің ойдан шығарылған сипатқа көшетін бір түріне жатқызуға бола ма – әзірше бұл сұрақтың жауабы жоқ.
 
Мұндай топтаманың алғашқы көрмесі берлиндік екі фотографтың – Виктория Биншток пен Михаэль Шефердің – шығармашылығына арналады. Фотографтар медиа-кадрларды өңдеп, олардың қызметіне сараптама жасайды. Қос суретші сонымен қатар кадрлардың болашақта сандық алгоритмдер құзырында болатын желілік әлемдегі жолға қойыла бастаған дербестігін зерттейді. Мұндай тәсіл оларды суретші қауымның БАҚ-қа деген қызығушылығына қатысты 1970-жылдарда басталған дәстүрмен байланыстырады. Биншток пен Шефер фотоөнер мен документалистика өрісін кеңейтуші суретшілердің жаңа буынының өкілі болып табылады.        
 
Мәдениет саласындағы Халықаралық қатынастар институтының көрмесі
(ifa, Штутгарт)
Кураторлар: Флориан Эбнер, Кристин Мюллер

Көрмені Қазақстан Гёте-Институты, ifa  және  Асанбай Орталығы ұйымдастырып отыр.

Көрменің ашылуы: 03.05.2018  сағ. 19:00

www.goethe.de/kaz
www.ifa.de
 
ВИКТОРИЯ БИНШТОК
 
Виктория Биншток өзінің фото-жұмыстарында медиа ретіндегі фотография туралы толғанады және контексті абайлап өзгерту арқылы фотографияның қызметі мен әсеріне сараптама жасайды. Бұл мақсат барысында тек өзінің ғана емес, ғаламтор мен басқа да медиа-көздерден алынған фотографияларға жүгінеді. 
 
«Тетіктер әлемі» топтамасында Биншток Google Street View-дан алынған Нью-Йорк көшелерінің суреттерін тура сол жерлерде өзі түсірген суреттермен салыстырады. Мақсат – Google әлеміндегі суреттерді дәл сол қалалық нақтылықты фотографтың өз субъективтік қабылдауымен салыстыру. 
 
«Телефондағы үшеу» топтамасынан алынған суреттер біздің қоғамдық өміріміздің смартфоннан түбегейлі тәуелді бола бастауынан бірнеше жыл бұрын 2004 жылы Токиода түсірілген. Ал 2007 жылы редакцияланған кезде сол суреттер шағын ғана аппараттардың біздің назарымыздың экономикасын толық өзгертетін шақтың таяп қалғанын білдірген еді. 
 
«Кластерлер» тек Google-дың сурет іздеу алгоритмдері «ұқсас суреттер» ретінде анықтайтын нәтижеге сүйеніп, суреттер арасынан жақындық табады. Әр топтың бастапқы ноқаты Бинштоктың жеке мұрағатынан алынған және фотографтың өзі іздеу жүйесіне енгізген бір сурет болып табылады. Фотограф ғаламтордан табылған суреттердің ішінен бірнешеуін таңдап алады да, оларды қайта құрастырады.    
 
МИХАЭЛЬ ШЕФЕР
 
Михаэль Шефердің фотографияға қатынасы көркем мимикрияның ерекше түрі болып табылады. Фотограф суреттерге деконструкция жасау үшін олардың өзін қолданады. Суретшінің көзқарасы баспасөздік фотография анықтамасының көптігіне, оның тарихи-саяси жағдайлардың тоғысуын бақылаушыға дайын түсінік ретінде корсететін мағынасы мен мәнінің молдығына бағытталады.
 
«Үлгілер» топтамасы үшін көбінесе «Шпигель» журналында жарық көрген саясат және экономика саласындағы қайраткерлердің фотографиялары негізге алынған. Михаэль Шефер саясаткердің сахналанған тұрысы немесе қалпы, сурет түсірілген сәт және журнал беттеріндегі ілеспе жазбаның суггестивтік сипаттағы біріккен әсерін аша түсу үшін ол фотографияларға өзі түсірген қосалқы «әртістердің» басы мен денесін құрастырады.   
 
«Ұрпақ» топтамасы үшін Михаэль Шефер ғаламтордан табылған модельдердің сән сахнасындағы фотографияларын қолданады. Олардың бастарын өз шеберханасында түсірілген балалардың жүздерімен алмастырады. Сөйтіп біздің медиалық және тұтынушылық дәуіріміздің құштарлықтарын, сағыныштарын және сұлулық өлшемдерін сандық химера ретінде көрсететін будан жаратылыстар пайда болады.
 
Шефердің ертеректегі «Баспасөзге арналған кадрлар» топтамасында жаңалықтардағы фотографиялар егжей-тегжейлі қайтадан жасалады да, үлкейтіліп, картина көлеміне жеткізіледі. Фотограф сөйтіп баспасөздік фотографияның баяндау тілінің қалай жұмыс істейтінін және кешенді жағдаятты белгілер мен таңбалар арқылы қалыңдата түсетінін анықтайды.     
 
«Ашық мұрағат» топтамасында фотографтың өз мұрағатындағы әлі қолданылып үлгермеген газеттен және ғаламтордан алынған кадрлар біріктірілген. Шефер онда БАҚ-та жарияланған және біздің жадымыздан әлі өше қоймаған айқын суреттерді өңдейді. Сөйтіп суретшінің бұрынғы туындыларымен байланыс тудыратын және оның соңғы туындыларының жасалу және жұмыс істеу жолдарын жан-жақты анықтауға тырысатын суреттер қоры пайда болады.    
 
Шефердің «Жалықтырғыш сілтемелер» топтамасы үшін жасаған монтаждары Сирия мен Ирактағы соғыс туралы баяндайтін ғаламтордағы насихаттық сипаттағы суреттерге негізделген. Фотограф бізді елестете отырып, жасы жиырмадан енді ғана асқан жастарды төмен сапалы мобильді телефонмен түсірілген сандық видеоға енгізеді. Егер фото- және видеоға түсірілген оқиғалардың ортасында біз өзімізді енжар бақылаушы ретінде ғана сезінетін болсақ, бұл нені білдіреді? Біздің тікелей медиалық куәгер екендігімізге қарамастан, алдыңғы қатардағы көрініс пен артқы қатардағы көрініс арасындағы, табылған сурет пен қосылған сурет әлемінің арасындағы қашықтық алынбас қамал ретінде қалады.

Артқа