Театрландырылған музыкалық қойылымы «Бетховен.Mute»

 «Бетховен.Mute» © ARTiШОК

Сн, 12.12.2020

19.00 - 20.00

2020 жылдың 12 желтоқсанында АRTиШОК театрының үлкен сахнасында «Бетховен.Mute» театрландырылған музыкалық қойылымы өтеді. Людвиг ван Бетховеннің 250 жылдығына арналған жобалық жұмысты Қазақстандағы Гёте-Институттың тапсырысы бойынша және қолдауымен «Игеру» заманауи музыка ансамблі мен ARTиШОК театры дайындады.

 «Бетховен.Mute» қойылымының негізінде «Бетховен-Брамс-Шёнберг-Лахенман-Кейдж» сабақтастық желісін құратын бес композитордың бес композициясы жатыр. Әр түрлі ғасырлардың әуендерін өзара арнайы жазылған электро-акустикалық интермедиялар байланыстырса (композитор - Санжар Бәйтереков), арнайы дайындалған театрлық қойылым сүйемелдейді (режиссёр - Галина Пьянова). Жобаның мақсаты – өмірінің көп бөлігін дыбыстық оқшаулықта өткізуге мәжбүр болса да, шығармашылығын тоқтатпаған композитордың ХХ-ХХІ ғасыр музыкасының қандай сипатта болатынын дәл болжай алғанын түсінуге және естуге тырысу. 

Эва Шмитт, Қазақстандағы Гёте-Институттың директоры, «Бетховен.Mute» жобасы туралы:
 «Біз, Қазақстандағы Гёте-Институт, «Игеру» ансамбліне жүгініп, Бетховеннің 250 жылдығына орай қазіргі заман тұрғысынан жасалған жобалық жұмыс  әзірлеуді тапсырдық. Мұндағы мақсат  шақырылған бір оркестрдің әдеттегідей Бетховеннің музыкасын жай ғана ойнап беруі емес, керісінше, Бетховен шығармашылығының өзектілігін бүгінгі күннің биігінен саралап, тыңдарман қауымға композиторды өзіндік «инфлюенсер» ретінде көруге мүмкіндік беру еді. Гёте-Институт заманауи  мәдениет пен өнерге және жергілікті мәдени сахна өкілдерімен диалогқа ерекше назар аударады.  Бұл жобалық жұмыс бойынша «Игеру»  ансамблін  таңдаған себебіміз, ол Қазақстан заманауи музыка саласындағы ең маңызды ұжым болып табылады».

Раушан Джуманиязова, «Игеру» заманауи музыка ансамблінің директоры, «Бетховен.Mute» жобасы туралы:
«Менің ойымша, біздің әрқайсымызда, қазіргі заманғы адамдардың ішінде өз Бетховені өмір сүреді  - дарынды, ізденімпаз, батыл және ... есту қабілеті нашарлаған. Жобаның жұмыс атауы «Біз бәріміз Бетховенбіз» болғаны бекер емес. Гёте-Институттың бізге жасаған ұсынысы Бетховеннің идеясы шығармаларына арқау болған композиторларды ойға қонымсыз жолмен біріктірген осы бірегей жобалық жұмыстың тууына түрткі болды. Бетховеннің бейнесі, өмірбаяны мен шығармашылығын ондаған ұрпақтар буыны жеке және өзекті оқиға ретінде қабылдап келеді. Композитор есту қабілетін неғұрлым көбірек жоғалтқан сайын, болашақтың музыкасын соғұрлым дөп баса алды, данышпанның ішкі түйсігі тереңдей түсті. Сіздерге осы жолды бізбен бірге жүріп өтуді ұсынамыз».

Анастасия Тарасова, ARTиШОК театрының атқарушы директоры «Бетховен.Mute» жобасы туралы:
«Біздің театр үшін «Игеру» заманауи музыкалық ансамблімен жұмыс жасау – әрдайым үлкен мүмкіндік, құнды және нәтижелі серіктестік, қуатты музыкалық материалмен танысу. Драма театры мен академиялық музыканттардың ынтымақтасуы бізде жиі орын ала бермейді. Гёте-Институт пен Людвиг ван Бетховеннің арқасында бұл нақты іске айналды. «Бетховен.Mute» «Игеру» ансамблімен бірге жасаған алғашқы жобамыз емес. 2019 жылы «Ер-Төстiк» камералық операсын дайындаған едік. Сондықтан ниеттес ұжыммен қайтадан жүздесіп, ынтымақтасқанымызға өте қуаныштымыз».

Артқа