Тұсаукесер «Самұрық. Қазақ, қырғыз, тәжік, түркімен және өзбектің жас ақындар поэзиясы»

Әдебиет

Орта азиялық үлкен поэзия туры аяқталып келеді. Қазақстан мен Өзбекстандағы Гёте-Институтының неміс және орта азиялық жас ақындары мен әдеби шығарма аудармашыларын қолдау мақсатында 2021 жылы басталған GRAND TOUR ZENTRALASIEN атты халықаралық жобасы 24 маусым/сенбі күні өз мәресіне жетіп, сағат 12:00-де институт кітапханасында (Наурызбай батыр к-сі, 31, «Премиум» бизнес орталығы, 5 қабат) қорытынды іс-шарасын өткізеді.

Осы шара барысындағы маңызды сәт - ол орта азиялық жас ақындардың неміс тіліне аударылған «Самұрық. Қазақ, қырғыз, тәжік, түркімен және өзбектің жас ақындар поэзиясы» деп аталатын жыр жинағының тұсаукесері болмақ. Аталмыш жинаққа қазақ ақыны Батырхан Сәрсенхан, Мирас Асан, Сағыныш Намазшамова, Еділбек Дүйсенов пен Жеңісбек Пәазілдің, қырғыз ақыны Алиман Абыдкеримова, Гүлзада Станалиева, Махабат Қасейинова, Нарсулуу Гургубаева мен Нуриза Омурбаеваның өлеңдері енген. Сондай-ақ түрікмендік Оғылженнет Рахманова мен Шиһмұстафа Қудайбердиевтің, танымал өзбек және тәжік шайырларының шығармалары да жинаққа кірген.

Жолма-жол аудармаларды кәсіби аудармашылармен қатар жас аудармашылар тобы да дайындады. Шара барысында шебер аудармашыларымызбен де кездесіп, сұрақ қойып, сұқпаттасуға болады.
Ерекше кездесу тізгіні белгілі ақын, журналист, «Абай» телеарнасының бас продюсері Жаңылхан Асылбекова ханымның қолында.
Іс-шара неміс-қазақ тілінде өтеді.
Қатысу үшін мына адрес бойынша тіркеліңіздер: bibliothek-almaty@goethe.de

Артқа