Көрме Бейнелеу/ Көрсету

Бейнелеу/ Көрсету Фото:©Уши Хубер

Ср, 30.10.2019 -
Жк, 01.12.2019

Нұр-Сұлтан

Көрменің ашылуы: 30.10.2019, 19:00 сағ.

Халықаралық қатынастар институты өз бағдарламасында заманауи фотографияға қатысты осы өнердің түрлі аспектілеріне арналған бірнеше көрмелерді көрсетеді: «Қашықтық және жақындық» атты көрме Һилла мен Берндт Бехердің және олардың шәкірттерінің фотографияларын, «Әлем біртұтас дүние ретінде» неміс журналдарына арналған репортаж фотографияларын, ал «Сурет сәні – Сән суреті» Германияның заманауи сән фотографиясымен таныстырады. Заманауи көрме куратор Томас Вески фотографиядағы «документалдық сәт» деп сипаттаған бір ерекше жағдайды көпшілік назарына ұсынады. Бұл фотография қазіргі таңда «документалдық» ұғымының бір өзгеше мағынасы пайда болатын, сурет жасау техникасының балама түрінен сандық түріне түбегейлі бетбұрыс жасаған сәтінде тұр деген ойдан туындап отыр.
 Таңдап алынған фотографиялар түсіру кезінде оператордың араласуымен, сурет сарынын сахналау не суретті компьютерде өңдеу арқылы жасалған. Роланд Бартес кезінде балама фотографияға қатысты айтқан «фотограф пен объект арасындағы байланыс», фотографиямен бұлай жұмыс істеген кезде, маңызын жоғалтады. Фотографтар бір серияның жекелеген бөлшектерінің қосындысынан не әртүрлі фотографиялардың сандық әдіспен өңделген бір фотографияға қабатталуынан көрінетін түпнұсқалықты құрастырады. Осы уақытқа дейін фотография шежіресін жазуда негізгі орын алып келген боямалау, жасандылық және шындық туралы пікірталас бұл әдістің жанында маңызын жояды.
  Мұнда, бірақ, суреттердің шынайылығының жетіспей тұрғанын байқауға болады. Бір жағынан, біз балама фотографияда жалған «документалды» фотоларды түрлі айла-амалдармен өзгерту әдеттегі нәрсе болғанын және фотографияда «табиғат жарықтың көмегімен өзінен-өзі бейнелене қалады» дегеннің соқыр наным екенін білеміз. Тек криминалдық фотографияда ғана құжатқа қойылатын талаптар мүмкіндігінше қатал сақталады, онда, бірақ, фотография жеке шығармашылықтың әсерінен ада.
   Көрме жалпы саны 10 фотографтың жұмыс тобын бір диалогқа шақырып отыр. Шындықпен қарым-қатынасты зерттеп-зерделейтін шығармашылық жұмыстың түрлі бастамалары осылайша көрсетіледі,  салыстырылады және композиция жасаудағы әркімнің өз әдісі айқындалады. Фотография жасау әдісінің және шығармашылық стратегиясының әр түрлі болуына қарамастан, әркімнің өзіне тән көру және шынайы өмірді көрсету, түсіндіру әдісінің сыртынан документалды фотоның ортақ форма тілі көрініп тұрады. Түптеп келгенде, фото фотографтың өз әлеміне деген қатынасын  құжаттандырады.
 
   Аталған фотографиялық бастамаларды жарамды суретке деген қызығушылық байланыстырады. Еңбектердің басты мақсаты әлеуметтік, саяси не антропологиялық тақырыптарды көрсету емес. Олар шынайы өмірді көрсетуден гөрі әлемді ойша негіздеп көрсетуге және ол суреттерді жүктелген басқа суреттерден көрнектірек етуге ұмтылады. Сол арқылы іс жүзінде ойдан шығарылған суреттің айтар ойы күшейтіліп, өткірлене түсуі немесе мүлдем жаңа көркемдік шындық пайда болуы мүмкін. Бұған дейін сурет құрастырудың мұндай мүмкіндігі тек суретшілерде ғана болушы еді. 
   Фотолардың балама не сандық әдіспен жасалуы олардың жасалу себебіне, фотографтың не айтқысы келетініне немесе оның көңілі нені көбірек қалайтынына байланысты. Қалай болса да, көрермен, суретті тамашалау кезінде, өзінің көркем шындықты құрастыруға ассоциативті түрде қатысатынын есте ұстауы керек. Жеке композицияларды тамашалаушы көрменің қайнаған ортасында қалады. Ол құрылымның сырын ашуға ұмтылады, мойындау мен түкке тұрғысыз ету, таңдану мен сүйсіну, сену мен күмәндану арасында толғанумен болады. 
  Барлық суретшілерге осы іске шабыттана араласқандары үшін, ойға алған ортақ іске жан-тәндерімен беріліп, шаршамай-шалдықпай қызығушылық білдіргендері үшін алғысымды білдіремін. Томас Вескиге сурет таңдаудағы біліктілігі мен сенімді таңдауы және көрмеге қойылған шығармалардың мәнін айқындай түсетін сауатты мәтіндері үшін рахмет айтамын. 

Урсула Целлер
 

Артқа