Қойылым Тілдің күші халықтарды қалыптастырады

ҚР Ұлттық музейінде ағайынды Гриммдердің өмірі мен шығармашылығына арналған «Тілдің күші халықтарды қалыптастырады» атты көрме көрсетілуде. Көрмені Германия Елшілігі мен Кассельдегі Ағайынды Гримм қоғамы ұйымдастырды.
Аталмыш көрменің аясында Қазақстан Гёте-Институты мен Республикалық академиялық неміс театры режиссер Наталья Дубстың вокал мен хореографиямен әрленген, музыкалық аспаптармен сүйемелденген қойылымын ұйымдастырады.  
 
«Бремен музыканттары», «Ақшақар мен жеті ергежейлі», «Гензель мен Гретель», «Холле ханым», «Қызыл телпек», «Ержүрек тігінші» секілді әйгілі алты ертегінің желісі бойынша дайындалған қойылымды көрермен қауым неміс театры әртістерінің орындауында тамашалайтын болады. Клавир мен контрабас, ән мен би ертегілердің құпиясын одан әрі тереңдете түседі.
 
Жас көрермен ескі таныстарымен – өмірдегі ауыртпашылықтан құтылу үшін үміт жетегінде жолға шыққан Бремен музыканттарымен, Ақшақар мен оның адал достарымен, жауыз сиқыршыны жеңе білген ағалы-қарындасты Гензель мен Гретельмен, Холле ханымға жолдары түскен әпкелі-сіңілі қыздармен, орман ішінде қасқырмен сапарлас болған батыл Қызыл телпекпен және өзіне үнемі сәттілік серік болатын мақтаншақ, ержүрек тігіншімен – қайта жүздесетін болады.
 
Қойылымға қатысушы әртістер: Дмитрий Хольцманн, Тимур Бонданк, Юлия Тейфель және Дания Абсалямова.

Қойылым 9 ақпанда сағ. 11:00, 10 және 11 ақпанда сағ. 11:00 және 14:00 өтеді.
Ұзақтығы - 60 минут.
6 жастан жоғары балаларға арналады.
 
 

Артқа