Маттиас Линдермайр - Триосы Орта Азияда

 Маттиас Линдермайр-Трио © Conny Mirbach

Музыка

Маттиас Линдермайр – джаз саласындағы және басқа да көптеген көркем жүлделердің иегері болып табылатын германиялық трубач. Халықаралық аренада танылған музыканттар Андреас Хаберл (соқпалы аспап) мен Крис Галлмен (фортепиано) бірге құрған триода Маттиас Линдермайр әйгілі enja Records джаз лейблі жарыққа шығарған өзінің алғашқы Lang Tang және Newborn альбомдарына енген әуендерден ойнайды. Аталмыш топ акустикалық және электрондық аспаптардың өзара үндестігінің арқасында өзінің ерекше тың және заманауи сазын жасай білген. Үлкен әуендерге және тартымды ноталарға бейім музыкалық бағыттың сипаты тәуелсіз рок пен заманауи джаз арасында жатқандай.    
 
Топтың 2019 жылы Алматыдағы Лермонтов атындағы театрда орын алған концерті аншлагпен өтті. Сондай-ақ неміс музыканттарының жергілікті өнерпаздармен де ой бөлісіп, бірге өнер көрсетуге мүмкіншіліктері болды. Мәдени мұра айырмашылығы үлкен сияқты болғанымен, музыка тудыру үшін ортақ негіз жылдам табылды. Топтың Қазақстанда жасаған тәжірибесінің оң сипатта болғаны сөзсіз, оған шақырушы жақтың бірегей қонақжайлылығының да әсер еткені анық.
 
Топтың жетекшісі трубач Маттиас Линдермайр Мюнхен қаласынан. Ол балалық шағында классикалық фортепианодан сабақ алса, жасөспірім кезінде рок-группаларда электрогитарда ойнаған, содан кейін Мюнхен музыка және театр жоғары мектебінде Клаус Райхшталлерде джаз трубасын оқыған. Линдермайр 2012 жылы Biberacher Jazz Award, 2013 жылы Kurt Maas Jazz Award секілді джаз саласындағы мәртебелі сыйлықтармен марапатталды және соңғы жүлде  музыкантқа Бостон қаласындағы Беркли музыка колледжінде бес апта практика өтуіне мүмкіншілік сыйлады. Аталмыш колледждің Брэнфорд Марсалис, Мелисса Этеридж, Брэд Мелдау және т.б. әйгілі музыканттарға білім бергені аян. 2013 жылдың жазында Маттиас Линдермайр онда кейін өзіне мықты ұстаз болған труба класының профессоры Тайгер Окошиді жолықтырды. Жапон текті американдық ұстаз оған стипендияға үміткер ретінде бәйгеге қатысып көруге кеңес берді. Нәтижесінде мюнхендік жас музыкант 2014 жылдың күзінде Бостонға қайта барды. Оның музыкасынан әйгілі джаз мектебінде алған тәжірибе айқын сезіледі, бірақ содан болып оның өнерін американдық сипатқа ие деуге келмейді. Беркли колледжінде оқыған кезінде ол музыкант ретінде қатты өсті.    
 
Соқпалы аспапта ойнайтын Анди Хаберл музыкаға өзінің бар ерекшелігі мен өз стилінің айқындылығын сіңірген. Музыканттың The Notwist инди-рок-группасы мен басқа да көптеген джаз топтарындағы ойынын көрген адам Анди Хаберлдің Линдермайр музыкасына тепе-теңдіктен айырылмай-ақ, қуатты екпін бере алатындығын байқайды. Анди бояуларды араластыра білетін дарынды суретші секілді. Ол ешқашан тым артық кетпейді, не қажет болса, соны бере біледі және алдыңғы шепке шықпай-ақ, тосын сыйлар жасаудың шебері.     
 
Соңғы жылдарда джаздың стильдік шекарасын мюнхендік Крис Галл секілді жүйелі әрі соны түрде кеңейте білген басқа неміс пианист жоқ болар, сірә. Ұзақ жылдарға жалғасқан классикалық білімнен кейін Крис Галл стипендиат ретінде Бостон қаласындағы беделді Беркли музыка колледжінде талабын шыңдаған. Соны музыкасымен көптің назарын өзіне ерте аудара білген Крис Галл джаз, инди-рок және әлемдік музыкамен өз көрерменіне Монтрё Джаз фестивалінен бастап Jazz Baltica және Stuttgart Jazz Open фестивальдеріне дейін, сонымен қатар Вена концерт залында қуаныш сыйлаумен келеді.     
 

Артқа